"Өмір бойы бір күйеумен өмір сүремін” деп сөз берген едім": Ақбота Керімбекова өмірі өзі ойлағандай болмағанын айтты
Ақбота Керімбекова тағдыры туралы сөз қозғады.
Әнші Ақбота Керімбекова бала кезінде өзіне берген сөзі туралы айтты. Оған әке-шешесінің ажырасуы қатты әсер еткен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы өнер иесі «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатында әңгімеледі. Айтуынша, ол болашақта ешқашан ажыраспаймын деп ойлаған.
«Бала кезде ештеңені ойламайсың. Әке-шешең қасыңда, бар жағдайыңды жасап береді. Бірақ ата-анамның ажырасуы мен үшін ауыр соққы болды. Сол кезде өзіме “өскенде тұрмысқа шығамын, өмір бойы бір күйеумен өмір сүремін, ешқашан ажыраспаймын” деп сөз берген едім», – деді әнші.
Әнші бала кезінде көпшілік ортаға шығудан қашқақтап келген. Алайда оны басқа тағдыр күтіп тұрыпты.
«Бала күнімде көпшілікке араласудан қашатынмын. “Мені ешкім байқамаса екен” деп өстім. Бірақ Алланың қалауымен бәрі керісінше болды. Бүгінде халықтың алдында жүрмін. Жеке өміріме қатысты ұстанымдарым да мен ойлағандай болмады. Дегенмен оның да өзіндік қайыры бар деп қабылдаймын», – деді Ақбота Керімбекова.