Қоғам

Германияда Facebook қолданушылары канцлер Мерцті қорлағаны үшін айыппұл арқалады

Германия соты Facebook желісінде федералдық канцлер Фридрих Мерцтің атына қорлайтын пікір жазған екі қолданушыға салынған айыппұлды заңды деп таныды.

Олардың бірі саясаткерді «Lügenfritz», яғни «өтірікші Фриц» деп атаған. Эринген қаласының соты оған 30 күндік мөлшерлеме көлемінде айыппұл салды. Бұл шамамен бір айлық табысқа тең және 2 мың еуродан асуы мүмкін. Сот шешімі заңды күшіне енді, деп жазды welt.de сайтына сілтеме жасаған KYN.KZ  тілшісі.

Тағы бір қолданушы «Ftzn Frieder» деген дөрекі лақап ат қолданғаны үшін осындай айыппұл алды.

Жалпы Хайльбронн прокуратурасы 39 пікірді қараған. Оның 15-і бойынша іс тоқтатылды, қалғандары басқа ведомстволарға жолданған немесе әлі қаралып жатыр.

Бұған Мерцтің Хайльброннға сапары кезінде ұшуға тыйым салынғаны туралы полицияның Facebook-тегі жазбасы себеп болған. Пікір қалдырғандар Германия Қылмыстық кодексінің 188-параграфы бойынша жауапқа тартылды. Бұл бап саясаткерлерге қатысты қорлау мен жала жабу үшін жауапкершілікті көздейді.