"Қан тоқтамай ақты": "Хан-шатыр" ойын-сауық орталығындағы аквапаркте астаналық басын тіліп алған (ВИДЕО)
Әйел ойын-сауық орталығында жарақат алған.
Астанада Хан Шатыр ойын-сауық орталығындағы аквапарк аттракционында әйел жарақат алып, ауруханаға түсті. Енді ол аквапаркі әкімшілігіне ресми шағым түсіріп, моральдық шығынды өтеуді талап етуде, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында баяндаған. Оқиға 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні болған. Айтуынша, аттракционға мінер алдында құтқарушыдан ересектерге сырғанауға рұқсат бар-жоғын нақтылап сұраған. Рұқсат алған соң, құрбысының кішкентай қызымен бірге сырғанаған.
Бірақ келесі аттракционда қауіпсіздік талаптары дұрыс түсіндірілмеген.
«Екінші сырғанақта қызметкер бізге ештеңе түсіндірместен өткізіп жіберді. Мен отырған күйде төмен сырғанап бара жатып, басымды қатты соғып алдым. Соққы өте қатты болды. Аттракционнан шыққан кезде басымнан қан тоқтамай ақты», – дейді тұрғын.
Оны құрбылары аквапарктің медициналық пунктіне жеткізген. Кейіннен жедел жәрдем шақырған.
Дәрігерлер оның басына сегіз тігіс салған. Медициналық тексеру барысында бас терісінің сегіз сантиметрге жыртылғаны анықталған. Миы шайқалмағаны белгілі болған.
«Мен үнемі камера алдында жұмыс істеймін. Енді басымда өмір бойы тыртық қалуы мүмкін», – деді ол.