Қоғам

Қызылорда облысында 20 жастағы жігіттің өліміне қатысты інісі күдікке ілінді

Марқұмның ата-анасы құқық қорғаушылардың жұмысына күмән келтіруде.

Қызылорда облысы қазір үрей құшағында. Соңғы кездері аймақта кісі өлімі жиілеп кетті. Халық арасында, тіпті әлеуметтік желілерде «өңірде сериялық маньяк жүр» деген қорқынышты қауесет тарап жатыр. Елді дүрліктірген сұмдық оқиғалардың бірі жақында Жаңақорған ауданында болды. Онда 20 жастағы Мейіржан Рүстем есімді жігіт асқан қатігездікпен өлтіріліп, денесі су құдығынан табылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Astanatv.kz-ке сілтеме жасап.

Ең қорқыныштысы сол, полиция бұл ауыр қылмысты марқұмның 16 жастағы туған інісі жасады деп күдіктеніп отыр. Қара жамылған отбасы кенже ұлдарының кінәсіз екенін айтып, жұрттан араша сұрап шырылдауда.

 

Мейіржан – төрт ұлдың екіншісі. Қайғылы оқиға болардың алдында олардың үйіне қатарынан екі күн ұры түсіп, аздаған ақша жоғалған. Отбасылық кәсібі бар үйдегілер ұрыны өздері аңдып, ұстап алмақ болады. Осы мақсатпен Мейіржан 30 мамыр күні аулаға төсек салып ұйықтаған.

 

Алайда таңертең оянған туыстары жігітті сол күйі таппай қалады. Ізім-қайым жоғалған Мейіржанның денесі арада екі күн өткен соң орталық су жүйесінің құдығынан табылған. Оны біреулер аяусыз қинап өлтіргені белгілі болды.

 

Марқұмның анасы Кенже Дүйсекеева ұлын өлтіргендердің нағыз қатыгез екенін айтады. Ананың сөзінше, жігітті бір емес, бірнеше рет қылқындырған.

 

«Бірінші 1 жіппен қылқындырған. Ол батып кеткен. Екінші тағы бір жіп, үшінші жіпті түйме болады ғой. Соның көзіне іліп тұрып үшінші рет қылқындырған дейді да. Мен шырылдаймын ғой. 15 жасар бала істесе қолында қалмайды ма бір қиындылар. РОВД-ның адамы келіп есігімізді қаққан жоқ. Ақша, ұрлық қай жерде болды, бала қай жерде өлді жоқ», — дейді анасы көз жасын көл қылып.

 

Қайғы жұтқан отбасының айтуынша, тәртіп сақшылары алғашында қылмысқа күдікті ретінде марқұмның туған әкесін қамауға алған. Бірақ оған қарсы ешбір дәлел табылмаған соң босатыпты. Одан кейін күдік үйдегі кенже балаға ауған. Ата-анасы қаршадай ғана жасөспірімнің мұндай ауыр қылмысқа барғанына мүлдем сенбейді. Олардың ойынша, бұл қылмысты үйдегі қаражатқа көз тігіп, ұрлыққа түскен адамдар жасаған.

 

Отағасы Ғани Жұпарбаев құқық қорғаушылардың әрекетіне ашынып отыр.

 

«Дәлел бар ма, жоқ па оны да айтпайды. Әйтеуір қамап мойындарына, 5 сағат қорқытады әке-шешесінсіз. Балам қазір не болып жатқанын. Тек үйден іздеп жатыр. Мен өзімнің баламды қайтіп өлтіремін. Ал кішкентай 15 жасар бала мынадай-ақ, қазір көрсеңіздер. Шамасы да жетпейді ғой. Көтере де алмайды ол бала, іләкәр. Кішкентай қаршадай балаға іліп жібермесе, мына полиция қызметкерлерінен қорқайын дедім», — дейді әкесі.

 

Бұл даулы іске қатысты Қызылорда облыстық полиция департаменті қысқа ғана мәлімдеме жасады. Облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітовтің айтуынша, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

 

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән –жайы жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп тексеру әрекеттері жүргізілуде. Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырлуда. Тергеу  мүддесіне байланысты өзге ақпараттар жария етілмейді», — деді ол.

 

Бір ұлын жер қойнына тапсырып, екіншісінен тірідей айырылып қаламыз ба деп қорыққан ата-ана енді істің тек әділ әрі жан-жақты тексерілуін қалайды.

 

Айта кететін жайт, бұл Қызылорда өңіріндегі жалғыз қайғылы оқиға емес. Осыған дейін Шиелі ауданында үйінен шығып кетіп, бір тәулік бойы табылмай қалған 16 жастағы қыздың мәйіті су арнасынан табылған болатын. Бұл іс бойынша күдікті ұсталды.