Михаил Шайдаровқа қатысты дау: туризм және спорт министрі келісімшартқа қатысты айтты
Михайл Шайдаровқа қатысты мәселе толығымен шешілген.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Үкіметте өткен брифингте министр Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровпен жасалған келісімшарт мәселесі шешілгенін жеткізді.
«Михаилмен жасалған келісімшартқа қатысты мәселе шешілді. Бұл – стандартты келісімшарт. Оған тек Олимпиада чемпиондары емес, барлық спортшылар қол қояды. Біз оны БАҚ қысымымен бір адамға арнап жеке өзгерте алмаймыз», – деді министр.
Айтуынша, екі тарап та келісімге келіп, қорытынды жасаған.
«Қазір оның жаңа маусымға дайындалуына назар аудару маңызды. Екі тараптағы орындаушылар мен менеджерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп жауап берді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ, бұл келісімшартта барлық спортшыларға бірдей міндеттемелер қарастырылған.
«Олимпиада чемпиондары болсын немесе деңгейі төмендеу спортшылар болсын, бәріне бірдей міндеттемелер қарастырылған. Бұл – типтік келісімшарт. Ол қандай да бір қаржыны кері қайтаруды міндеттемейді», – деді Ербол Мырзабосынов.