Қазақстанда кальян бизнесі заңдастырылуы мүмкін
Мәди Такиев Қазақстандағы кальян бизнесін лицензиялауды ұсынды.
Мәжіліс кулуарында қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстандағы кальян бизнесін лицензиялап, заң аясына шығару қажеті туралы айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қаржы министрлігінің басшысы қорқорға салынған тыйымды жеңілдетуді қарастыратын жаңа заң жобасына қатысты пікір білдірді.
"Бүгінде бізде қорқорға тыйым салынған, сондықтан олардың нақты санын есептеу мүмкін емес. Бірақ біз оларды лицензиялау керек деген ұстанымдамыз, өйткені олар бәрібір бар", – деп атап өтті Мәди Такиев.
Министр нәтижесіз күрестің орнына мемлекетке бұл секторды заңдастырып, кальян орталықтарының иелерін салық төлеуге міндеттеу тиімдірек екенін айтты. Қаржы министрлігі заңдастырудан түсетін ықтимал пайданы да есептеп қойған.
"Олардан бюджетке төлем өндірген дұрыс. Біздің есебімізше, қосымша түсім шамамен 50 миллиард теңге болады", – деді шенеунік.