Қоғам

"Жамбасымды ұстап, қырындады": Қаскелеңде 15 жастағы қыз өгей атасының өзіне тиіскенін айтты

Жасөспірім 62 жастағы өгей атасының өзіне қол жүгіртпек болғанын айтты.

Алматы облысында алпысты алқымдаған ер адам өгей немересіне қол жүгіртті деген күдікке ілінді. Анасының айтуынша, қайын атасы екі айдан бері 15 жастағы оқушының кеудесі мен санып сипап, түрлі ұятсыз видео көрсетіп келіпті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Жасөспірім 62 жастағы ер адамның бұл қылығын анасына айта алмай жүріпті. Әбден қорыққаны сонша, жастығының астына пышақ қойып жатуды әдетке айналдырған. Анасы соңғы кездері қызының мінезі өзгеріп кеткенін байқап, психологтың көмегіне жүгінеді. Тек сол кезде қыз болған жағдайды маманға айтып беріпті. Енді әйел қайын атасының жазалануын талап етіп отыр.

 

«Күйеуімді күттім, күйеуімнің көзінше дастарқан басында отырып, «папа, телефоныңызды ашып беріңіз» дедім. «Жайша ма?» деді. Сосын ашып-ашып, баяғы фотоны тауып алдым да, «мына қыздың суретін не үшін түсіріп алдыңыз» дедім. «Жай, әшейін, фото ғой, жай ғана қызық болды» дейді. Сондай жауап күттім. «Қызық болды» дегенді қалай түсінем, папа, маған анығын айтсаңызшы, сізге жамбасы қызық болды ма, менің қызымның?» деп едім, сонда күйеуім ана жерде отырды да, «сен әлі папамның телефонын ақтаратын болғансың ба?!» деп, мені ұрып тастады.

Наурыз айынан бастап ата маған басқаша көзбен қарады, қырындап. Наурыз айының ортасында, бір күні ұйықтап жатқан кезде жаныма келіп, жамбасымды ұстап, қырындап, қолымды сипап, бетімді сүйіп, кетіп қалды. Кешке ата жұмыстан келді, әдеттегідей ішіп келді. Ішіп келгенін көріп, мамам айтса да, тамағын берген жоқпын. Ыдыс жуып тұрған кезде мені бөлмесіне шақырды. Мен ыдыс жуып алайын дедім. «Тастай тұршы, қазір жуасың ғой» деді. Сөйтіп бөлмесіне бардым, ол маған телефоннан ұятсыз видеолар көрсетті, жас қыздармен еркектердің жалаңаш фотоларын, видеоларын көрсетті.

«Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу кешені жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның уәжі мен түсініктемелері мұқият тексеріліп, тиісті процессуалдық әрекет тағайындалды. Бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі жүргізілген тергеу нәтижесі бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен шешілетін болады.Тергеу жалғасуда және Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сәйділдин.