Спорт

"Жалақым үш есе қысқартылды": шахматшы Бибісара Асаубаева Тоқаевқа үндеу жолдады

Бибісара Асаубаева жалақсының үш есе қысқартылып қалғанын айтып, президенттен көмек сұрады.

Халықаралық шахмат гроссмейстері, әлемдік рейтингте шахматшы қыздар арасында бесінші орында тұрған белгілі шахматшы Бибісара Асаубаева Президентке үндеу жасады,  деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Гроссмейстер қаржылай қиындықтарға тап болғанын айтып, президенттен көмек сұрады.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізге мемлекет басшысы ретінде көмек сұрап жүгініп отырмын. Жуырда ең беделді жарыстардың бірі – Norway Chess 2026 турнирі аяқталды. Мен жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда-ақ чемпион атандым. Осы маңызды турнирге дайындықты өзімнің жүлде қорынан алған қаражат пен ата-анамның қаржысына өткіздім. Ал бұл турнирде менімен жұмыс істеген секунданттар мен сарапшылардың еңбекақысын әлі күнге дейін төлей алмай келемін”, – дейді Бибісара.

 

Шахматшы ел абыройын асқақтатып келе жатқанын және әр алған медальдың артында орасан еңбегі жатқанын тілге тиек ете кетті. Сонымен қатар, соңғы уақытта спорт министрлігімен жұмыс істеу қиындай түскенін және сыйақы жетпейтінін алға тартты.

 

" Спорт министрлігімен өзара жұмыс істеу барған сайын қиындап барады. Шахматтан әлем чемпионатындағы жеңіс үшін Спорт министрлігі небәрі 2 мың доллар сыйақысы берді. Ал Олимпиада медалі үшін берілетін сыйақы – 250 мың доллар. Қазақстанда менен басқа әйелдер мен ерлер арасында әлем чемпионы жоқ! 2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалімді жеңіп алғаннан кейін Спорт министрлігі желісі бойынша ай сайын 1 миллион теңге көлемінде жалақы алып жүрдім. Алайда Мырзабосынов министр болып келгеннен кейін, 2025 жылдан бастап жалақым үш есеге қысқартылды. Ал Қазақстан шахмат федерациясы маған ешқашан жалақы төленген емес", – деді Бибісара Асаубаева.

 

Сондай-ақ, жалақысы өспегенін, бірақ алда жарыстар күтіп тұрғанын айтты.