Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: тағы бір жәбірленуші тарап адвокаттың қызметінен бас тартты
Адвокат Әл-Фараби жаңғылындағы жол апаты бойынша тағы да бір жәбірленуші тараптың қызметтен бас тартқанын мәлімдеді.
Әл-Фараби даңғылында болған 3 адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша тағы бір жәбірленуші тарап адвокат қызметінен бас тартты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы заңгер Анна Чернова өзінің Instagram парақшасында хабарлады. Ол және жұбайы Олег Чернов сотта жәбірленуші тараптардың бірінің мүддесін қорғаған болатын. Заңгер бұл шешімнің күтпеген жағдай емес екенін айтып, отбасыға көрсетілген заңгерлік қызметтердің тегін болғанын атап өтті.
«Іс бойынша жұмыс барысында біз қайғылы оқиғаның барлық мән-жайларын толық әрі жан-жақты зерттеу қажет деген ұстанымды дәйекті түрде қорғадық. Сол себепті біз куәларды сотқа шақыртуға қол жеткізуге тырыстық, ыңғайсыз сұрақтар қойдық және әрбір жайттың мұқият тексерілуін талап еттік.
Ертең сотталушыдан жауап алынады. Айта кету керек, біз оның түсініктемені онлайн емес, тікелей сот отырысында беруін талап еткен едік. Бұл сот талқылауының ең маңызды кезеңдерінің бірі екенін процесті бақылаған әр адам түсінеді деп ойлаймын.
Бұл шешімнің нақты қандай себеппен қабылданғанын білмейміз. Дегенмен барлық жәбірленушілер өтемақы алғанын, сотталушымен татуласқанын және соттан оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұрағанын атап өтпеуге болмайды», – деп жазды Анна Чернова.
Оның айтуынша, адвокаттардың кәсіби ұстанымы қоғамның әділ әрі ашық сот процесіне құқығы бар деген қағидаға негізделген және бұл жәбірленуші тараптардың татуласу туралы шешіміне қарамастан өзекті болып қала береді.
Сондай-ақ Анна Чернова өздері бұл сот процесін әрі қарай да бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.