Басты жаңалықтар

Перизат Қайраттың көлігі сатылмай, мемлекеттік органдарға берілді: комитет төрағасы түсіндірді

Тәркіленген мүлік мемлекеттік органдарға тегін беріледі.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков Перизат Қайраттан тәркіленген көліктердің неге аукцион арқылы сатылмай, мемлекеттік органдарға берілгенін түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист тәркіленген кейбір мүліктердің  неге сатылмайтынын сұрады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар бұл активтер үшін ақы төлей ме, әлде тегін ала ма деген сауал қойды.

Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, мұндай мүлік мемлекеттік органдарға тегін беріледі. Бұл бюджет қаражатын үнемдеу үшін қарастырылған шара.

“Олар тегін алады. Бұл шара бюджет ақшасын үнемдеу үшін қарастырылған. Мұндай автокөліктерді жаңадан сатып алғаннан гөрі, тәркіленген мүлік есебінен алған тиімді”, – деді ол.

Айтуынша, мұндай мүмкіндік нормативтік-құқықтық актілермен берілген.

“Құқық қорғау мемлекеттік органдарында мұндай құқық заңнамамен бекітілген. Сондықтан олар неге бұл құқықты пайдаланбасқа? Ал егер бұл көліктерге ешкім қызығушылық танытпаса, онда олар саудаға шығарылады”, – деді Әділбеков.