«Көлік маған бағынбады»: сотта Zeekr жүргізушісі оқиғаның қалай болғанын айтты
Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сотта Zeekr жүргізушісі өз нұсқасын жеткізді.
Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сотта айыпталушы оқиғаның қалай болғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жауап алу кезінде А.П. өз кінәсін мойындайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ өзіне шартты жазаның тағайындалуы мүмкін емес екенін атап өтті. Ол сол түні көлікте техникалық ақау туындағанын жеткізді.
"Мейрамханадан шыққаннан кейін Достық даңғылымен төмен қарай әл-Фараби даңғылына бет алдым. Әл-Фараби даңғылына жақындағанда үш-төрт шам жанып кетті. Әл-Фарабиде бұрылған соң олар сөніп қалды. Жеңіл гүріл пайда болды. Шынымды айтсам, оның неден болғанын түсінбедім. Бұған дейін басқа көлікте мұндай жағдайда көмектескендіктен, айналымды арттыруды ұйғардым", – деді ол.
Сотталушының айтуынша, көлік кенеттен тайып, содан кейін ол басқаруды жоғалтқан.
"Сол жақ жолақтан оң жаққа ауыса бастадым. Осы сәтте, бәлкім, жолаққа қайтару жүйесі кенет іске қосылып, соның салдарынан көлік тайып кеткен болуы мүмкін. Қарсы беттегі жолаққа шығып кеткен соң көлік басқаруға көнбеді. Оңға немесе солға бұруға тырыстым, бірақ көлік маған бағынбады, тежегіш жұмыс істемеді. Осыдан кейін жол апаты болды. Көзімді орталық қалалық ауруханада аштым. Маған наркозсыз бір ота жасап жатты. Ол жағы есімде жақсы қалмапты. Есімді тек жансақтау бөлімінде жидым. Сол кезде ғана маған үш адам қаза тапқанын хабарлады", – деді сотталушы көзіне жас алып.
Жауап алу жалғасып жатыр.