Тоқаев АҚШ пен Иран қабылдаған бейбіт келісімді құптады
Мемлекет басшысы АҚШ пен Иран арасындағы келісім туралы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы қол жеткізген келісімді құптады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Мемлекет басшысының X парақшасындағы жазбасына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының сөзінше, халықаралық ахуал күрделі қазіргі кезеңде аймақ және әлемдік қоғамдастық үшін мұндай келісімнің маңызы зор.
"Біз тараптардың саяси ерік-жігерін жоғары бағалаймыз. Бұл өзара сенімді қалпына келтіріп, екі жаққа да тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Сын сәтте батыл әрекет етіп, стратегиялық көрегендік танытқан АҚШ Президенті Дональд Трамптың көшбасшылығын ерекше атап өтеміз. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы жетекшілігінің конструктивті ұстанымын қуаттаймыз. Қазақстан осы бейбіт келісімге қол қою Таяу Шығыста және одан тысқары жерлерде бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік негізін қалайтынына сенім артады", – деп жазды Мемлекет басшысы X парақшасында.
Еске салайық, 15 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранмен келісім жасалғанын, Иранға қатысты теңіз блокадасы алынатынын және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қайта жанданатынын жариялады.
Ақ үй басшысы Ормуз бұғазын ашу жұма күні, 19 маусымда Иранмен келісімге қол қойылғаннан кейін жүзеге асатынын нақтылады. Содан кейін, Трамптың айтуынша, "аймақ пен әлем үшін мұнай қайтадан екі бағытқа да ағады".
Келіссөздерде делдал болған Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф бұл келісім барлық әскери операцияны, соның ішінде Ливандағы Израиль операциясын да "дереу тоқтататынын" хабарлады.