Астанада есірткіге қарсы акция аясында оркестр мінген теплоход Есіл өзенімен жүріп өтті
Елордада тұрғындар мен қала қонақтарына арналған есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатындағы ауқымды профилактикалық акция ерекше форматта ұйымдастырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, «Сарыарқа» ауданы әкімдігі және Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы бірлесіп өткізді. Акцияның негізгі мақсаты – халық арасында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу.
Профилактикалық шара Есіл өзенінің жағалауында өтті. Кешкі уақытта өзен бойымен «Астана – есірткісіз қала!» және «Заң мен тәртіп» деген жазулары бар баннерлер ілінген теплоход жүзіп өтті.
Акцияның ерекше көркін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы оркестрінің өнер көрсетуі аша түсті. Музыканттардың кәсіби орындауындағы әуендер қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, профилактикалық шараны әсерлі мәдени оқиғаға айналдырды.
Кейін бағдарлама өзен жағалауындағы оркестр концертімен жалғасты. Сонымен қатар тұрғындарға есірткінің зияны мен оның заңсыз айналымының салдары туралы ақпарат беретін арнайы жадынамалар таратылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі заманғы профилактика тек түсіндіру жұмыстарымен шектелмейді. Халықпен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік беретін жаңа форматтар маңызды әлеуметтік үндеулерді кең аудиторияға жеткізуге көмектеседі. Шараға еріктілер де қатысып, акцияны ұйымдастыруға және тұрғындармен жұмыс істеуге белсенді атсалысты.
Мұндай бастамалар қоғам назарын өзекті мәселелерге аударып, есірткі қаупіне қарсы күрес баршаға ортақ міндет екенін тағы бір мәрте еске салады. Ал қоғамдық қауіпсіздіктің басты негізі – заң мен тәртіпті сақтау.