Карантин кезінде той жасаған: Жандос Сәлімов вице-министр болып тағайындалды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:30
- 34
Жандос Сәлімов Су ресурстары және ирригация вице-министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ақпаратты үкіметтің баспасөз қызметі растады.
Айта кетсек, БАҚ өкілдері Жандос Сәлімовтің карантин кезінде той жасап, сол үшін 83 мың теңге айыппұл арқалағанымен танымал екенін атап өтті.
Салтанатты іс-шарадан түсірілген суреттерді журналист Михаил Козачков жариялаған болатын.
Еске сала кетсек, коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда бұқаралық іс-шараларды, соның ішінде той-томалақ пен басқа да отбасылық мерекелерді өткізуге тыйым салынған болатын. Азаматтардан арақашықтықты сақтау және мүмкіндігінше адам көп жиналатын жерлерден аулақ болу сұралды.
Жандос Сәлімов Орал қаласының тумасы. Ол Маңғыстау облысында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды, сондай-ақ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департаментіне жетекшілік етті. Су ресурстары және ирригация вице-министрі болып тағайындалғанға дейін Жандос Сәлімов Табиғи монополияларды реттеу комитетінің елордалық департаментін басқарды.




