Қоғам

СІМ АҚШ-та 24 жастағы қазақстандық Әсет Құралбайдың қаза тапқанын растады

АҚШ-та қаза болған азамат қазақстандық болып шықты.

Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та жоғалып кеткен 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың қаза тапқанын растады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

СІМ мәліметінше, Америка Құрама Штаттарының құзырлы органдары бұған дейін табылған мәйіттің кім екенін анықтады. Қаза болған адам Қазақстан азаматы Әсет Құралбай болып шықты.

"Ауыр қазаға байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз", - делінген министрлік хабарламасында.

Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен және марқұмның туыстарымен тұрақты байланыста отыр. Сондай-ақ оның әпкесі Гүлнара жақын күндері Нью-Йорктен Чикагоға ұшып барып, мәйітті Қазақстанға жеткізу жұмыстарымен айналысатыны хабарланды. Осы мақсатта отбасы қаражат жинауды бастаған.

СІМ Әсет Құралбайдың туыстарына құжаттарды рәсімдеу және мәйітті Қазақстанға репатриациялауды ұйымдастыру мәселелері бойынша қажетті консулдық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.