Басты жаңалықтар

"Бетон еденге лақтырған": Павлодарда үш жасар қызын өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

26 жастағы ер адам өз туған қызын өлтірген.

Павлодарда 26 жастағы ер адам өмір бойына сотталды. Ол өзінің үш жасар қызын азаптап, өлтірді деп айыпталған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушы әйелімен екі бала үш жасар қызы және 2025 жылдың мамыр айында дүниеге келген ұлды тәрбиелеген. Тергеу барысында ер адам сәбидің туған қызы екеніне күмән келтіре бастағаны анықталған.

Қайғылы оқиға қыркүйек айында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, сол күні үйге ішімдік ішіп келген ол 3 жасар қызын сабап, көршінің моншасына өзімен бірге алып кеткен. Сол жерде баланы бірнеше рет соққыға жыққан. 

Қызды бетон еденге лақтырып жібергені айтылды. Ауыр дене жарақатын алған бүлдіршін ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Сот процесі барысында айыпталушы өз кінәсін ішінара ғана мойындады. Ол қасақана кісі өлтіру ниеті болмағанын айтып, жұбайынан кешірім сұрады.

«Мен қызымды әдейі өлтірген жоқпын. Болған жағдай үшін жұбайымнан кешірім сұраймын. Бұл жағдай мен үшін де, туыстарым үшін да ауыр болды», – деді ол соңғы сөзінде.

Сонымен қатар сотталушы баланы азаптады деген айыпты жоққа шығарып, істі қасақана адам өлтіру емес, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бабы бойынша қарауды сұрады.

Алайда мемлекеттік айыптаушы сараптама қорытындылары, куәгерлердің айғақтары және жиналған өзге де дәлелдер сотталушыға тағылған айыптарды толық растайтынын мәлімдеді. Осыған байланысты прокурор оған ең қатаң жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сот барлық дәлелдерді зерттей келе, айыптау тарапының ұстанымымен келісті.

Қылмыстар жиынтығы бойынша оған төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сот сотталған азаматты қаза тапқан қыздың анасына моральдық зиянды өтеу ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Үкім түсіндіріліп жатқан кезде сотталушы есінен танып қалды. Осыған байланысты конвой қызметкерлері оны сот залынан қолтықтап алып шыққан.