Қоғам

АҚШ-та қазақстандық қаза тапты: Әсет Құралбай туралы мәлімет пайда болды

АҚШ-та қаза тапқан қазақстандық жігіт туралы жаңа деректер шықты.

АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық Әсет Құралбайдың оқиғасы қайғылы аяқталды. Полиция мен жақындары оның қаза тапқанын растаған. Қазір марқұмның соңғы күндеріне, тұрған жеріне және көлігінің табылуына қатысты жаңа деректер айтылып жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Әсет Құралбай АҚШ-қа шамамен төрт жыл бұрын барған. Ол Иллинойс штатында тұрып, Amazon компаниясының жеткізу қызметінде жұмыс істеген.

Кейін оның Чикаго маңындағы Форд-Хайтс елді мекенінде тұрғаны белгілі болды. Әлеуметтік желідегі деректерге қарағанда, ол 1324 Park Avenue мекенжайындағы үйде тұруы мүмкін. Бұл аудан жергілікті қауіпсіздік рейтингтерінде қылмыс деңгейі жоғары аймақтардың бірі ретінде сипатталады.

Журналистер барған көшеде ескі үйлер, қараусыз қалған аулалар мен тозған жолдар байқалған. Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, бұл маңда ТМД елдерінен барған мигранттар арзан бөлме жалдап тұруы мүмкін.

Әсет Құралбай соңғы рет 2026 жылғы 2 маусымда байланысқа шыққан. Сол күні ол үлкен ағасымен телефон арқылы сөйлескен. Осыдан кейін онымен байланыс үзілген.

Алғашында туыстары қатты алаңдамаған. Себебі Әсет бұрын да бірнеше күнге телефонын өшіріп, жалғыз қалатын болған. Алайда бес күн бойы хабар болмаған соң жақындары алаңдай бастаған.

7 маусымда оның телефоны толық өшіп қалған. Осыдан кейін отбасы Чикагодағы таныстарынан Әсеттің тұрған жерін барып тексеруді сұраған.

Таныстары оның бөлмесіне кіргенде, жағдайдың күмәнді екенін байқаған. Себебі Әсет үйінде барлық құжатын, банк карталарын және жеке заттарын қалдырып кеткен.

Ең алаңдатарлық дерек – бөлмеден қоштасу хатының табылуы. Онда 24 жастағы жігіт өзіне бірдеңе болса, жеке заттары мен құжаттарын кімге беру керектігін жазып кеткені айтылады.