Қоғам

Атырауда балық шаруашылығын дамытуға арналған 100 гектарлық аквазона құрылады

Атырауда «Каспий маңы серіктестігі: балық шаруашылығы мен аквакультураны орнықты дамыту» атты халықаралық салалық форум өтіп жатыр. Іс-шара Каспий маңы мемлекеттерінің өкілдерін, жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен сала мамандарын бір алаңға жинады.

Н. Балғынбаев атындағы орталықта өткен жиында қатысушылар Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға және балық шаруашылығын одан әрі дамытуға қатысты стратегиялық маңызы бар мәселелерді талқылады.

Форумды ашқан Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Атырау облысы тарихи тұрғыда балық шаруашылығы саласының орталығы екенін атап өтті. Мұнда бекіре тұқымдас балықтарды көбейту және балық өнімдерін өңдеумен айналысатын негізгі кәсіпорындар шоғырланған.

– Атырау облысының бұл саланы одан әрі дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және инвестиция тартуға әлеуеті зор. Өңір кезең-кезеңімен дәстүрлі балық аулаудан тауарлы балық өсіру мен аквакультураны дамытуға көшуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта Дамбы ауылдық округі аумағында балық өсіруге қолайлы 100 гектарлық аквазона жобасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама табиғи балық қорларына түсетін жүктемені азайтуға, өңірде тауарлы балық өндірісін арттыруға, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға және балық шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Каспий маңы елдері арасындағы тәжірибе алмасу, мемлекет, ғылым және бизнес арасындағы ашық диалог балық биоалуантүрлілігін сақтауға және саланы орнықты дамытуға жаңа тәсілдер қалыптастырады деп сенемін. Форумға қатысып, ынтымақтастыққа дайындық танытқандарыңыз және сала дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Серік Шәпкенов.

Пленарлық сессия барысында қатысушылар су биоресурстарын сақтау, балық шаруашылығы кешенін жаңғырту, тауарлы балық өсіруді дамыту және саланың экспорттық әлеуетін арттыру мәселелерін қарастырды.

Аймақтың балық шаруашылығы саласындағы әлеуеті форум аясында ұйымдастырылған балық өнімдері мен тағамдар көрмесінде таныстырылды. Атырау облысынан 7 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Көрме жергілікті өндірушілердің мүмкіндіктерін және балық өңдеу саласын одан әрі дамыту перспективаларын айқын көрсетті.

Сонымен қатар бағдарлама аясында фидерлік спорттық балық аулау жарыстары, балық өнімдерінің жәрмеңкесі, «Каспийдің үздік тағамы» аспаздар байқауы, балық шаруашылығы кәсіпорындарына таныстыру сапарлары, Жайық өзенін балық шабақтарымен толықтыруға арналған экологиялық акция және мәдени-ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады.