Депутат Қазақстандағы кәсіби мерекелер күндерін қайта қарауды ұсынды
Қазақстанда 74 кәсіби мереке бар және олардың шамамен 20 пайызы мамандықтарға емес, жекелеген мемлекеттік органдарға арналған.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа ұсыныс жолдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол Қазақстанда кәсіби мерекелерге деген көзқарасты қайта қарауды және атаулы күндерді жекелеген мемлекеттік органдарға арнау тәжірибесінен бас тарту қажет екенін айтты.
Мәжілісменнің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 74 кәсіби мереке бар және олардың шамамен 20 пайызы мамандықтарға емес, жекелеген мемлекеттік органдарға арналған.
Сондай-ақ, ол мерекелердің тым көптігінен кәсіби атаулы күндердің мән-мағынасы біртіндеп жоғалып бара жатқанын айтты. Ол журналистер күнін мысалға алды. Яғни, мерекенің атауы мен күні жиі өзгеретіндіктен, БАҚ өкілдері оның нақты қай күні аталып өтетінін есте сақтай бермейді.
Депутат мерекелердің күнтізбе бойынша біркелкі бөлінбегеніне де ерекше назар аударды.
Сондықтан да мәжілісмен ведомстволарға емес, мамандықтарға басымдық беретін кәсіби мерекелерді белгілеудің бірыңғай әдістемесін әзірлеуді, қолданыстағы тізбеге ревизия жүргізуді және бір сала аясындағы қайталанатын әрі тар бейінді мерекелерді біріктіруді ұсынды.
Сонымен қатар ол кәсіби мерекелер тізбесін министрдің бұйрығымен емес, Үкімет қаулысымен бекітіп, оны әр екі жыл сайын міндетті түрде қайта қарап отыруды ұсынды. Депутаттың пікірінше, мұндай тәсіл кәсіби мерекелердің бастапқы мәнін қайтаруға және еңбек адамына деген құрметті арттыруға септігін тигізеді.