Атырауда өтіп жатқан «Қазыналы Каспий – 2026» халықаралық фестивалі - балық шаруашылығының болашағы талқыланған үлкен диалог алаңына айналды
Фестиваль аясында Каспий экожүйесін сақтау, балық шаруашылығын дамыту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Фестиваль шеңберіндегі халықаралық форумда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Каспий теңізіндегі экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейтудің маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, климаттың өзгеруі, теңіз деңгейінің ауытқуы және антропогендік әсердің күшеюі жағдайында балық қорларын сақтау бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Сондықтан ғылыми тәжірибе алмасу мен заманауи технологияларды енгізу саланы дамытудың басты шарттарының бірі саналады.

Форум барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Атырау облысының балық шаруашылығы саласындағы жетекші рөлін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын ауланатын 50 мың тонна балықтың 19 мың тоннадан астамы Жайық-Каспий бассейнінің үлесіне тиесілі. Сонымен қатар өңірде жалпы құны 60 миллиард теңгеден асатын 40-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Солардың қатарында Каспий теңізінде норвегиялық технологиямен форель өсіретін «Organic Fish» компаниясы бар.
Өңір бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және көбейту бағытында да маңызды жұмыстар атқаруда. Атырау бекіре балық өсіру зауыты жыл сайын 5 миллион шабақты табиғи ортаға жіберсе, қазіргі жаңғырту жұмыстарынан кейін бұл көрсеткіш 7,4 миллионға дейін артады. Жалпы соңғы 30 жылда Қазақстан Каспий теңізіне 180 миллионға жуық бекіре шабағын жіберген.

Фестиваль аясында Жайық өзенінің балық қорын толықтыру мақсатында экологиялық акция өткізіліп, өзенге 3000 бекіре шабағы жіберілді. Мамандар бұл шара балық қорын молайтып, су экожүйесінің тұрақтылығын сақтауға ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ фестиваль бағдарламасы бойынша әуесқой балықшылар арасында турнир ұйымдастырылды. Оған Атырау облысы мен Ақтөбе өңірінен келген 48 қатысушыдан құралған 14 команда бақ сынауда. Турнирдің ерекшелігі – ауланған балықтардың қайтадан суға жіберілуі. Бұл табиғи ресурстарды сақтауға бағытталған қағидаттардың бірі.

Бұдан бөлек, фестивальде балық өнімдерінен тағам дайындау бойынша аспаздар байқауы өтуде. Байқауға Атыраудың тоғыз үздік аспазы қатысып, Жайық өзенінен ауланған балықтардан түрлі тағамдар әзірлеуде. Қазылар алқасы тағамдардың дәмдік сапасы мен ұсынылу ерекшелігін бағалап, үздіктерді анықтайды.
Осылайша «Қазыналы Каспий – 2026» фестивалі Каспий экожүйесін қорғау, балық шаруашылығын дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және өңірдің балық өнімдерін кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды халықаралық алаңға айналды.