Қоғам

Биыл туылған балаларға мемлекеттен берілетін бір реттік төлем қанша болады?

Мемлекеттен бірінші және екіні, үшінші бала туғандарға қанша төлем берілетіні анықталды.

Қазақстанда әрбір отбасыға бала туғанда қанша мемлекеттік төлем берілетіні белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК (2026 жылы 164 350 теңге), ал төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (2026 жылы 272 475 теңге) көлемінде жәрдемақы төленеді.

Егіз, үшем немесе төртем дүниеге келген жағдайда жәрдемақы әр балаға бөлек тағайындалады.

Туу туралы куәлікті бірнеше тәсілмен рәсімдеуге болады. Соның ең қолайлысы - проактивті формат. Бала туғаннан кейін бір тәулік ішінде анасының телефон нөміріне 1414 нөмірінен құттықтау SMS-хабарламасы келеді. Хабарламада қызметті рәсімдеу үшін қажетті мәліметтерге сұраныс болады.

Бұдан бөлек, баланың тууын екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, электрондық үкімет порталы, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеуге болады.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы қалалық филиалының мәліметінше, жыл басынан бері шаһарда 17 498 туу туралы куәлік берілген. Ұлдардың саны қыздарға қарағанда сәл көбірек: 8 382 қыз балаға 9 116 ұл баладан келеді.