"Алдымда түрме күтіп тұр": марқұмдардың туысы Сәрсемәлиевтен 70 млн теңге талап етті
Сұлтан Сәрсемәлиевтен марқұмдардың туыстары 70 млн теңге көлемінде моральдық және материалдық шығын өндіруді сұрады.
Атырауда бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 18 маусымдағы сот отырысында жәбірленуші тараптың азаматтық талап арызының сомасы жарияланды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Кісі қолынан қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова сотталушыдан 70 млн теңге көлемінде моральдық және материалдық шығын өндіруді сұрап отыр.
Сотта Сәрсемәлиев бұл талаптан бас тартпайтынын айтты. Алайда ол қазіргі қаржылық жағдайына байланысты аталған соманы қайтара алатынына кепілдік бере алмайтынын жеткізді.
"Талап арызды қабылдаймын, бірақ қайтаратыныма кепілдік бере алмаймын. Алдымда өмір бойы түрме күтіп тұр", – деді сотталушы.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр.