Қоғам

Жаңа Конституцияға байланысты қылмыстық рақымшылық: қайталама қылмыс жасағандар мен қауіпті қылмыскерлер қамтылмайды

Қауіпті қылмыскерлерге рақымшылық жүрмейді – депутат қылмыстық рақымшылықтың шарттарын түсіндірді.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, қылмыстық рақымшылық алғаш рет қателік жасап, қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін азаматтарға арналған. Қайталама қылмыс жасағандар, экстремистер, террористер, азаптау фактілеріне қатысы бар адамдар және аса ауыр қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілінбейді.

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланатын қылмыстық рақымшылық шектеулі түрде қолданылады. Депутаттың айтуынша, негізгі қағида – ізгілік таныту, алайда қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеу.

«Рақымшылық алғаш рет құқық бұзушылық немесе қылмыс жасаған адамдарға қолданылады. Ал қайталама қылмыс жасау – рақымшылыққа тікелей кедергі», – деді ол.

Оның сөзінше, рақымшылық қылмыстық теріс қылықтар мен жеңіл дәрежедегі қылмыстарға қатысты болады. Кейбір сотталғандар толық босатылса, кейбірінің жаза мерзімі қысқартылады.

Имашева рақымшылықтың аса ауыр қылмыстарға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қарсы жасалған әрекеттерге, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыстарға қолданылмайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, заңнамаға жақында енгізілген бірқатар жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар да рақымшылықтан тыс қалады. Олардың қатарында сталкинг (қудалау), қалыңдық ұрлау, дропперлік және басқа да құқық бұзушылықтар бар.

Депутаттың айтуынша, бұрынғы тәжірибе рақымшылықтың қайталама құқық бұзушылықтардың көбеюіне әсер етпейтінін көрсеткен. Соңғы рақымшылық кезінде босатылған 17 мың адамның тек 8-і ғана қайтадан құқық бұзушылық жасаған. Бұл – 0,5 пайыздан аз көрсеткіш.

Имашева әйелдерге қатысты деректерді де келтірді. Қазақстанда шамамен 5 мың сотталған әйел бар, олардың 1,7 мыңы бас бостандығынан айыру орындарында отыр. Ал шамамен 3 мың әйел рақымшылық шараларына ілігеді. Оларға жаза мерзімін қысқарту немесе жазадан толық босату шаралары қолданылады. Бұл қатарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, шартты жаза алғандар және бостандығы шектелген әйелдер де кіреді.

«Бұл – алғаш рет қателік жіберген адамдарға берілетін екінші мүмкіндік. Алайда бір рет кешірім жасалған соң, жаңа құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажет», – деп түйіндеді Снежанна Имашева.