Қоғам

"Сегіз автокөлік": блогер Жанәбіловтердің көліктері сатылымға шығарылды

Автокөлікті сатып алуға ниетті жандар E-Qazyna сайтында өтінім бере алады.

Сотталған блогер Жанәбіловтерден тәркіленген автокөліктер сатылымға шығарылды. Тиісті хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімі сайтында жарияланған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агентігі.

Порталда барлығы Hyundai Elantra маркалы сегіз автокөлікті сату туралы хабарландыру орналастырылған, олардың барлығы - 2025 жылы шыққан. Сот шешімімен Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеновадан дәл осындай көліктер тәркіленген болатын.

Хабарландырулардың мазмұнына қарағанда, сегіз автокөліктің барлығы да Zhana Business ЖШС атына тіркелген, оның басшысы - Жанәбіловтің жұбайы Эльмира Төлегенова.

Тәркіленген көліктер Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің теңгерімінде тұр.

Қазір автокөлікті сатып алуға ниетті жандар E-Qazyna сайтында өтінім бере алады, алайда онда көліктің бастапқы бағасы көрсетілмеген. Әр машинаның бағалау құны 8 395 000 теңге болған.

Өтінімді тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін органдар ғана бере алады.