Басты жаңалықтар

Жаңа ережелер: елімізде зейнетақы төлемін жалақы мен еңбек өтіліне байланысты есептеу ұсынылды

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізуді ұсынды.

Қазақстанда зейнетке шығу шарттарын қайта қарау ұсынылды. Енді тек жасты ғана емес, 40 жылдық еңбек өтілін де ескеру керек болады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Еңбек министрлігі аталған нұсқалардың барлығы әзірге талқылау сатысында екенін атап өтті. Нақты шешімдер қабылданған жоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген кеңесте қатысушылар бірнеше ықтимал модельді қарастырды.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізуді ұсынды. Оның мөлшерін екі көрсеткішті ескере отырып есептеу ұсынылады:

  • адамның орташа айлық табысының елдегі медианалық жалақыға қатысты арақатысы;
  • жүйеге қатысу ұзақтығы, яғни еңбек өтілі.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз нұсқасын ұсынды. Яғни, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын екі бөлікке бөлуге болады:

  • 4 пайызын жұмыскердің жеке шотына бағыттау;
  • 1 пайызын - ортақ ынтымақты немесе сақтандыру компонентіне жіберу.

Еңбек министрлігі ортақ компонент адамның зейнетке шыққаннан кейін қанша жыл өмір сүретініне қарамастан, оны өмір бойы төлемдермен қамтамасыз етуі тиіс екенін түсіндірді.