Қоғам

"Тәулігіне 90 мың теңге төлеген": Балқаштағы қонақүйдің бөлмесінен келушінің қымбат телефоны ұрланған (ВИДЕО)

Қонақүйге ұры кіріп, демалушылардың телефонын ұрлап кеткен.

Балқаштағы қымбат қонақ үйдің бөлмесіне ұры түсіп, демалуға келген қонақтың телефонын ұрлаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

 Бұл туралы жәбірленуші әлеуметтік желіде жариялады. Ол қонақүй әкімшілігінің бейқамдығы мен қауіпсіздік шараларының сақталмағанына наразылық білдірді.

«Балқаштағы бөлмемізге ұры түсті. Кеше Балқаштың Голфстрим деп аталатын демалыс үйіне қонақтадық. Жағажайға кеткенде жолдасымның айфон телефонын жабық тұрған бөлмеден ұрлап кетті. Тәулігіне 90 мың теңге төлеген Голфстримде камера деген мүлдем жоқ. Бастықтары үшін бұндай жағдай қалыпты секілді. Міз бақпай, бізге бәрібір деп жүрді. Ақыры полиция шақырдық. Балқаштан криминалдық полиция келді», - деді ол.

Бірақ жәбірленуші құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ісіне көңілі толмайтынын жеткізді.

«Олар қылмыстық іс тіркеп, қазір саусақ іздерін тексереміз деді. Бірақ қонақүй басшыларымен сөйлескен соң бұл жер біздің ауданға қарамайды екен, біз ары қарай мұнда іс жүргізе алмаймыз деп кетіп қалды. Ақтоғай ауданы мен Балқаштың криминалдық полициясы істі бір-біріне сілтеп, ешқандай жауапкершілік алмай отыр», - деп жазды ол.

Оқиғаға байланысты қонақ үй әкімшілігі түсініктеме берген.

«Біз полициямен толық ынтымақтстық жасап, мән-жайды анықтау үшін барлық қажетті материалды ұсынып отырмыз. Тергеу аяқталып, ресми қорытынды шыққанға дейін бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартамыз», - деп түсініктеме берді қонақүй әкімшілігі.