Қоғам

"Сәрсемәлиевтің көзге шөп салуы түрткі болған": марқұмның қарындасы сотталушыға қатысты айтты

Бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты жаңа деректер айтылды.

Атырауда Жангелдиндегі трагедияға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Кеше марқұмдарға сот-медициналық сараптама жасаған сарапшы сот алдында жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Бұған дейін Наурыз Мұқанғалиевтің басы мен денесі бөлек табылғаны айтылған еді. Бұл қылмыстық істі ашу барысында күмән туғызған. Сотта сарапшыға осыған қатысты сұрақтар қойылған.

Сарапшы сүйек ұзақ уақыт жатып шірігеннен көп жарақат анықталмағанын және бөлек қазып алып жатқанда да бөлініп кетуі мүмкін екенін айтқан. Өйткені Наурыз Мұқанғалиевтің сүйегі он айдан кейін ғана табылып, сараптама жасалған.

Сонымен қатар, марқұм үй иесінің қарындасы "Сұлтан Сәрсемәлиевтің сот процесі кезіндегі жауаптарының бәрі жалған" деген. Телеарна мәліметінше, марқұм Мақсот Қарабалиннің қызын алып кетуіне Сәрсемәлиевтің көзге шөп салуы түрткі болған.

"Әкесі келіп алып кетті" деп отыр ғой. Ол жерде әкесі алып кетейін деп алып кеткен жоқ. Ақбаян хабарласып, "осындай жағдай болып жатыр. Ондай адаммен тұра алмаймын" деп айтқаннан кейін ғана әкесі келіп араласты", - деді марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова.

Айта кетейік, тергеу нұсқасы бойынша ол құрбандарына 60-қа жуық пышақ жарақатын салған. Мейрамгүл Қарабалинаға 32, Наурыз Мұқанғалиевке 10, Мақсот Қарабалинге 9, Нәсіп Өтешқалиеваға 8 соққы тиген.

Сотта айыпталушы Сұлтан Сарсемәлиев кінәсін ішінара мойындады. Ол Мейрамгүл Қарабалинаны, жұбайының әкесі мен анасын қасақана өлтіргенін мәлімдеді. Алайда Наурыз Мұқанғалиевті өлтіруді жоспарламағанын айтты.