«Адам өлімі үшін бұрын 100 түйе берген»: Әл-Фарабидегі жол апатында қаза тапқан қыздың әкесі 100 миллион теңге өтемақы талап етті
Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған адам өлімімен аяқталған жол апаты бойынша сот отырысында қаза тапқан қыздардың бірінің әкесі азаматтық талап-арызын жариялап, айыпталушыдан 100 миллион теңге моральдық өтемақы өндіруді сұрады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Марқұм қыздың әкесі талап-арызында адам өмірі – ең жоғары құндылық екенін, ал оны заңсыз қию жәбірленушінің жақындарына орны толмас ауыр қайғы әкелетінін атап өтті. Оның айтуынша, ертеректе адам өлімі үшін 100 түйе құн төленген.
«Жалғыз қызымның қазасы мен үшін орны толмас ауыр трагедия болды. Ол өмірден өткен сәттен бастап өмірім “бұрын” және “кейін” болып екіге бөлінді. Баламнан айырылудың азабы күн сайын жанымды қинайды. Ешқандай материалдық игілік қызымды қайтара алмайды, бұрынғы өмірімді қалпына келтіре алмайды және жүрегімдегі қайғыны өтей алмайды.
Қаза болған қызым небәрі 20 жаста еді. Жалғыз қызынан айырылған әкенің жан азабы, болған жағдайдың қайтымсыздығы, бұзылған құқықты қалпына келтіру мүмкін еместігі, келтірілген зиянды толық өтеудің мүмкін болмауы, сондай-ақ әділдік пен парасаттылық қағидаттарын ескере отырып, моральдық зиянның өтемақысын 100 миллион теңге көлемінде белгілеуді орынды деп санаймын», – делінген талап-арызда.
Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол апаты
21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Полиция мәліметінше, Zeekr маркалы көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.
Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Айта кетейік, алдын ала сот отырысында Zeekr жүргізушісі марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, өзін ешқашан кешіре алмайтынын мәлімдеген болатын.
Жәбірленуші тарап адвокат Мейрман Шекеевтің қызметінен бас тартты. Сондай-ақ апатта қаза тапқан ер адамның туыстары айыпталушымен татуласқанын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды немесе шартты жаза тағайындауды сұрады.
Кейін сотта Mercedes көлігінде қаза тапқан қыздың анасы сөз сөйлеп, жүргізушіге шартты жаза беруді өтінді.
Одан кейін тағы бір марқұм жолаушының анасы да айыпталушыға қатысты талабынан бас тартып, оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Өткен сот отырысында айыпталушының өзі де жауап беріп, сол түні не болғанын айтып берді және жазадан жалтару ойы жоқ екенін жеткізді.
Жуырда Әл-Фараби даңғылындағы өліммен аяқталған жол апаты ісінде тағы бір жәбірленуші пайда болды. Ол – Mercedes көлігінде қаза тапқан жолаушы қыздың әкесі.