Қоғам

Ақтөбе облысында 100-ден аса адам тойдан кейін уланып, ауруханаға түсті

Мейрамханада тойдан кейін 100-ден аса адам уланып қалды.

Ақтөбе облысында Қандыағаштағы мейрамханалардың біріне барған 102 адам уланып қалды. Мекеме жұмысы уақытша тоқтатылып, мамандар уланудың себебін анықтап жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ресми мәліметке сәйкес, ішек инфекциясының өршуі Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында тіркелген. Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, алғашқы науқастар 19 маусымда медициналық көмекке жүгіне бастаған.

"Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы "Тұмар" мейрамханасына барған азаматтар арасында ішек инфекциясы жағдайларының тіркелуіне байланысты эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың 19 маусымынан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасына және облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасына ішек инфекциясы белгілерімен 102 науқас жатқызылды. Олардың 34-інде сальмонеллездің болу ықтималдығы тіркелді. Осы жағдайлар бойынша Ақтөбе облысының СЭБД-не шұғыл хабарлама жіберіліп, бактериологиялық зерттеу үшін материалдар алынды", - деп хабарлады Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы орташа ауыр дәрежеде екені атап өтілді, пациенттерге қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.

"Қазіргі уақытта сараптамамен бірге эпидемиологиялық тергеу жүріп жатыр. Тергеу аясында қоршаған ортадағы нысандардан тамақ өнімдерінің сынамалары алынып, зертханалық зерттеуге жіберілді. Эпидемияға қарсы және алдын алу шараларын жүргізу мақсатында қоғамдық тамақтану нысанының қызметі мән-жай анықталғанша уақытша тоқтатылды", - деп хабарлады Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.

Қазір мамандар инфекцияның көзін анықтауы тиіс зертханалық зерттеулердің нәтижесін күтіп отыр.