Қоғам

Петропавлда 11 жастағы қыз марқұм анасының несиесі үшін сотқа тартылды

Бесінші сынып оқушысынан банк оның марқұм анасының өтей алмай кеткен несиесін сұрады.

Петропавлда коммерциялық банк 11 жастағы жетім қыздан марқұм анасының 90 мың теңге көлеміндегі несиесін өтеуді талап етуде, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Бесінші сыныпта оқитын қыздың анасы бір жыл бұрын инфаркттан қайтыс болып кеткен. Марқұмның өтелмей қалған несиесі үшін кәмелетке толмаған бала сот процестеріне тартылып отыр.

«Бұл несие тұтынушылық мақсатқа алынған. Ал сіздер әрекетке қабілетсіз кәмелетке толмаған баланың мүлкіне тыйым салуды сұрап отырсыздар. Несие кепілсіз берілген, ипотека емес. Мен үшін 90 мың теңге — үлкен ақша», — деді сотта қыздың қамқоршысы.

Қаржы ұйымының өкілі Әсел Есентаева өз кезегінде қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін банк барлық өсімпұлды алып тастауға келіскенін хабарлады.

Оның айтуынша, кешіктірілгені үшін барлық айыппұлдар 100% жойылған. Банк тек негізгі қарыз сомасын талап етіп отыр.

Қазіргі таңда іс сот қарауында. Қыздың туыстары алаңдаушылық білдіріп, бұл талап-арыз салдарынан бала өздерінің жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін екенін айтуда.

Шешім отырыстарына мектеп оқушысының өзі қатыспайды — оның мүддесін сотта туған апасы әрі қамқоршысы Зинаида М. қорғайды.