Қоғам

Қазақстандықтар қай елге визасыз бара алады?

Қазақстандықтардың қай елге визасыз бара алатыны белгілі болды.

Жазғы демалыс кезеңдерде қазақстандықтар қай елге визасыз бара алады? Сыртқы істер министрлігі тізімін жариялады деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Министрлік мәліметінше, Қазақстан азаматтары Грузия, Албания, Андорра, Молдова, Моңғолия, Украина, Тунис, Колумбия, Сан-Марино, Антигуа және Барбуда, Сент-Китс және Невис, Сент-Винсент және Гренадин аралдарына 90 күнге дейін визасыз бара алады.

Ал Түркия мен Арменияға 180 күндік кезең ішінде 90 күнге дейін болуға рұқсат етілген. Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Беларусь елдерінде де 90 күнге дейін визасыз жүруге болады, алайда 30 күннен кейін міндетті тіркеуден өту қажет.

Ресейге қазақстандықтар жылына 90 күнге дейін визасыз кіре алады. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ресейге оқу немесе жұмыс мақсатында баратын шетел азаматтары үшін электронды рұқсат құжатын рәсімдеу міндетті болады.

Бірқатар елдерде визасыз болу мерзімі 30 немесе 60 күнмен шектелген. Мәселен, Доминикан Республикасында 60 күнге дейін, ал Таиланд, Қытай, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Мальдив аралдары, Малайзия, Мысыр, Оман, Сейшел аралдары, Сербия, Бразилия, Аргентина, Филиппин, Эквадор және Никарагуада 30 күнге дейін визасыз болуға мүмкіндік бар.

Оңтүстік Кореяға да 30 күнге дейін визасыз кіруге болады. Дегенмен сапар алдында міндетті түрде K-ETA электронды рұқсатын алу қажет. Ал Черногория Қазақстан азаматтары үшін 2026 жылғы 1 мамыр мен 1 қазан аралығындағы туристік маусымда 30 күндік визасыз режим енгізген.

Сондай-ақ Барбадоста визасыз болу мерзімі 28 күнді құраса, Қытайдың арнайы әкімшілік аймақтары – Гонконг пен Макаода, сондай-ақ Иранда 14 күнге дейін визасыз жүруге болады.

Кейбір мемлекеттер визаны әуежайда рәсімдеуге мүмкіндік береді. Мұндай елдердің қатарына Индонезия, Маврикий және Замбия кіреді.

Сыртқы істер министрлігі визалық режимі бар елдерге сапар жоспарлаған азаматтарға құжаттарды жолға шығардан кемінде 1-2 ай бұрын тапсыруға кеңес береді. Сонымен қатар ведомство виза мақұлданбай тұрып әуе билеттерін сатып алмауды және транзиттік виза талаптарын алдын ала нақтылап алуды ұсынады.