Қоғам

Әскери борышын өтеу кезінде жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды

Ол Ұлттық Ұланның әскери бөлімшесінде мерзімді әскери қызмет атқарған.

2023 жылы әскери міндетін өтеу кезінде ауыр жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды.

Бұл ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі растады.

"Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда алған аса ауыр жарақаттарының салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер орын алып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады", - делінген мәлімдемеде.

Министрлікте Ербаянның ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күйі сақталғанын, респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалғанын хабарлады.

"Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды. 2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылдың 23 маусымында сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді", - деді министрлікте.

Еске сала кетейік, 2023 жылы Ербаян Мұхтар ауыр бас жарақатын алып, еңбекке жарамсыз болып қалған еді. Ұлттық ұлан өкілдері сарбаз дәретханада құлап, жарақат алғанын мәлімдеген болатын. Бірақ оның туыстары бұл уәжге сенбеді.

Кейіннен сарбаздың жарақат алуына байланысты ведомствода ішкі тексерулер жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалды.

Өз кезегінде денсаулық сақтау министрлігі Мұхтар Ербаян Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында және Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ем алғанын, 2024 жылдың тамызынан бастап 2025 жылдың қаңтарына дейін отбасының қолдауымен Түркияда қалпына келтіру емінен өткенін хабарлады. Ол Қазақстанға оралғаннан кейін мамандардың бақылауында болды және үйде медициналық көмек алған.