Алматы облысында полиция қызметкерінің өртенген мәйіті табылды: күдікті ретінде әйелі мен ұлы ұсталды
Таулы жерден полиция қызметкерінің денесі табылды.
Алматы облысына қарасты Кеген ауданында таулы жерден полиция қызметкерінің өртенген мәйіті табылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Күдікті ретінде марқұмның жұбайы мен ұлы қамауға алынды. Бұл туралы жазған журналист Михаил Козачков марқұмның аты-жөні Аслан Альсеров екенін атап өтті. Олар 7 баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы ретінде танылған.
Қайғылы оқиғаны Алматы облысның Полиция департаменті ресми түрде растады.
«Кеген ауданында ер адамның жанып кеткен мәйітінің табылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 23 маусым күні полицияға таулы аймақтан мәйіттің табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде жедел-тергеу тобы шықты. Қаза болған адамның жеке басы анықталды. Оның полиция қызметкері болғаны расталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер, оның ішінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.