Таразда 19 жастағы қызды алып қашпақ болған үш жігітке сот үкімі шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:15
- 39
Тараз қаласында 19 жастағы бойжеткенді күшпен алып қашқан Алматы облысының үш тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Прокуратураның мәліметінше, оқиға өткен жылдың қазан айында болған.
Тергеу барысында жәбірленуші қыздың бұл қылмысты ұйымдастырған азаматпен 5 жылдан астам уақыт бойы жақын қарым-қатынаста болғаны белгілі болды. Алайда бойжеткен оған тұрмысқа шығудан үзілді-кесілді бас тартқан.
Аталған факті бойынша Тараз қаласы Әулиеата ауданының полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы 2-бөлігі (Адамды некеге тұру мақсатында алып қашу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізді. Сот талқылауы барысында айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Тараз қаласының №2 сотының 2026 жылғы 4 мамырдағы үкімімен үш сотталушы да адамды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашқаны үшін кінәлі деп танылды. ҚР ҚК-нің 63-бабы қолданылып, олардың әрқайсысына 3 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Прокуратура өкілдері кез келген ескірген салт-дәстүрлер мен сылтауларға қарамастан, адамды некеге тұруға мәжбүрлеу мақсатында алып қашу ауыр қылмыс болып саналатынын және Қазақстан заңнамасына сәйкес қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын тағы бір мәрте ескертеді.


