Қоғам

"Жылап, дұға оқыды": Шымкентке ұшып шыққан ұшақ әуежайға қона алмаған

Ұшақ Шымкент әуежайына ауа райының қолайсыздығынан қона алмаған.

Әлеуметтік желілерде Алматы - Шымкент рейсінің жолаушылары қатты найзағай кезінде түсіріп алған видео таралып жатыр. Кадрлардан ұшақ иллюминаторының сыртындағы найзағай жарқылын көруге болады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Threads-тегі жазбада ауа райының қолайсыздығына байланысты әуе кемесі Шымкентке бірден қона алмай, қосалқы аэродромға бағытталғанын айтты.

Жолаушының айтуынша, рейс Алматыдан 22:50-де ұшуы керек еді, алайда алдымен 30 минутқа, содан кейін тағы жарты сағатқа кешіктірілген. Нәтижесінде ұшақ түн ортасына таман көкке көтерілді.

Қазақстандықтың айтуынша, жоспарланған қону уақытына шамамен 15 минут қалғанда ауа райы күрт нашарлаған.

"Қатты найзағай басталып, күн күркіреді. Басында жағдайдың маңыздылығын түсінбей, видеоға түсіре бастадық. Бірақ қатты турбуленттіліктен ұшақ қауіпсіз қона алмай, қатты теңселе бастады", - деп жазды ол.

Оның сөзінше, ұшақ 15 минуттай қатты шайқалған. Лайнердің қонуға бет алған кезі болғандықтан, жолаушылар арасында үрей туып, жағдай қиындай түскен.

"Кейбіреулер жылап, дұға оқыса, енді біреулері сабыр сақтауға тырысты. Бортсеріктер жолаушыларды үрейге бой алдырмауға шақырып, жағдай бақылауда екенін айтып, тыныштандырумен болды", - делінген жазбада.

Жолаушы экипаждың жұмысын да атап өтті. Оның айтуынша, ұшқыштар күрделі ауа райы жағдайында қонудан бас тартып, қосалқы аэродромға бет алу туралы шешім қабылдаған.

"Экипаж Тараз қаласындағы қосалқы аэродромға бет алуға шешім қабылдады. Ұшу кезінде жолаушыларға бұл туралы хабарланған жоқ, тек сәтті қонғаннан кейін ғана бортсеріктер Таразға табан тірегенімізді айтты", - деді жазба авторы.

Оның дерегінше, ұшақ Таразға шамамен түнгі сағат 02:00-де жеткен. Содан кейін жолаушылар әуежайда бір сағаттай күтіп, кейін Шымкентке қайта ұшу ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, әйелдің айтуынша, адамдардың бір бөлігі сапарын жалғастырмауға шешім қабылдаған.

Жағдайға қатысты Scat әуекомпаниясы түсініктеме берді. Онда Шымкент әуежайына қону кезінде ауа райының күрт нашарлағанын растады.

"Шымкент әуежайына қону кезінде ауа райы нашарлады: желдің екпіні секундына 24 метрге дейін күшейіп, найзағай ойнап, нөсер жауды және желдің бағыты ауысуы мүмкін еді. Осыған байланысты Алматы - Шымкент рейсінің экипажы Тараз қаласындағы қосалқы аэродромға бару туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады компания.

Ауа райы жақсарғаннан кейін ұшақ рейсті орындауды жалғастырған.

"Қосалқы аэродромда болу уақыты шамамен 1,5 сағатты құрады, содан кейін ұшақ Шымкент әуежайына штаттық режимде қонды", - деді әуеомпания өкілдері.

"Алайда жолаушылардың жартысына жуығы бастан өткерген жайттан кейін өмірлерін қатерге тіккісі келмей, ұшуды жалғастырудан бас тартты", - деп жазды ол.

Жазба астындағы пікірлерде көптеген қолданушы сол түні өздері де осындай қиын ауа райы жағдайына тап болғандарын айтты. Пікір қалдырушылардың бірі Алматыдан Шымкентке келесі рейспен ұшып, қону кезіндегі қиындықтар туралы айтты.

"Біз сіздерден кейін, 00:30-дағы рейспен ұштық, бізге де өте қорқынышты болды. Қала үстінде 40 минуттай айналып ұштық, төмендеп барып, қайта көтерілдік. Қорқынышты болды. Бірақ ұшқыштарға рақмет, ақыры Шымкентке қондырды", - деп жазды желі қолданушысы.

Басқа пікір қалдырушылар экипаждардың кәсібилігін атап өтіп, сол түні қалада болған қатты найзағайды еске алды.

"Үйде отырғанның өзінде өте қорқынышты болды, сіздердің не сезінгендеріңізді елестете аламын. Ағаш бұтақтары сынып, найзағай жарқылдап, күннің күркірегені жарылыс сияқты естілді", - деп бөлісті қала тұрғындарының бірі.

Кейбір қолданушылар күрделі метеожағдайларда қатты турбуленттілік пен бағыттың өзгеруі экипажға қону кезіндегі қосымша қауіптерден аулақ болуға мүмкіндік беретін штаттық қауіпсіздік шаралары екенін еске салды.