Қоғам

Кортеждегі заң бұзушылық: 19 хаттама толтырылып, көліктер айып тұрағына қойылды

Абай облысында полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған той кортежіне қатысушыларды жауапқа тартты.

2026 жылғы 21 маусым күні сағат 19:30 шамасында Ақсуат ауданының Ақсуат ауылындағы Қабанбай көшесінде бірнеше көліктен құралған той кортежінің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін әдейі елемей, қауіпті маневрлер жасап, өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан барлық жүргізушіні анықтады.

Тексеру қорытындысы бойынша Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Chevrolet, Toyota және Lada Priora көліктерін басқарған бес жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы құқық бұзушыларға қатысты 19 әкімшілік хаттама толтырылды. Олар маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, жолда апатты жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау деректері бойынша рәсімделген.

Сонымен қатар, заң бұзған жүргізушілердің көліктері арнайы айып тұрағына қойылды.

Абай облысы полиция департаменті мерекелік іс-шаралар жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын сақтаудан босатпайтынын атап өтті. Қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін кез келген әрекет заң аясында тиісті бағасын алады.