Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлікті қыздыруға салынған шектеуді алып тастайтын заңға қол қойды. Тиісті норма "Жол жүрісі туралы" заңынан алынып тасталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Шектеу толығымен жойылады, тек бір жағдайды қоспағанда: тиісті жол белгісімен белгіленген тұрғын аймақтарда қозғалтқышы қосулы тұрған көліктердің тұруына салынған тыйым күшінде қалады.
Осы заң автомектептердің жұмыс моделін де толығымен өзгертеді. 2016 жылдан бері қолданылып келген хабарлама жасау тәртібінің орнына рұқсат беру жүйесі енгізіледі. Оқу ұйымы Ішкі істер министрлігі жүргізетін мемлекеттік тізілімге енгеннен кейін ғана жұмыс істей алады.
Тізілімге ену үшін автомектеп оқу-материалдық базасының, жеке оқу автодромының, басқару тетіктері сол жақта орналасқан оқу көліктерінің және білікті оқытушыларының бар екенін растауы тиіс.
Өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Тізілімнен шығарылған автомектеп басшысының бір жыл бойы басқа оқу ұйымы жұмысына қатысуға құқы жоқ.
Автомектептердің, олардың оқытушыларының, көлік құралдарының және оқу топтарының есебі уәкілетті органның цифрлық жүйесіне көшіріледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда 700-ден астам автомектеп жұмыс істейді.
Заң ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң өз күшіне енеді. Автомектептер мен тізілімге қатысты нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетсек, көлік қыздыруға қатысты тыйым қоғамда, әсіресе елдің солтүстік өңірлерінде үлкен наразылық тудырған болатын.



