"Жалған психологтар мен "коучтар" көбейіп кетті": сенатта заң мақұлданды
Психологтардың кәсіби этикасының бірыңғай кодексі бекітіледі.
25 маусымда Сенатта "Психологиялық қызмет туралы" заң аясында осындай түзетулер мақұлданды. Енді Қазақстанда психологтардың мемлекеттік тізілімі жасалады. Оған енбеген мамандар психологиялық қызметпен айналыса алмайды және өздерін психолог деп атауға құқы болмайды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Құжатты таныстырған сенатор Әсем Рахметова кейбір қазақстандықтардың жалған психологтар мен коучтарға сеніп, соңында алданып қалғанын еске салды.
"Қазіргі таңда кеңес беріп, ақша тауып жүрген жалған психологтар мен "коучтар" көбейіп кетті. Оларға сеніп, алдаудың құрбаны болғандар аз емес. Бұл мәселе бойынша маған көптеген шағым түседі. Жауапты органдар осы мәселеге де назар аударуы тиіс", – деді сенатор.
Заңның негізгі мақсаты - Қазақстандағы психологиялық қызметтің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін құру, азаматтардың сапалы психологиялық көмек алуын қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау.
Психологтардың кәсіби этикасының бірыңғай кодексі бекітіледі. Онда құпиялылықты сақтау, кәсіби жауапкершілік пен кәсіби құзыреттілік талаптары бекітіледі.
Тағы бір маңызды норма - психологтардың медициналық қызметпен айналысуына және дәрі-дәрмекпен емдеу курсын тағайындауына тыйым салу.
Бұдан бөлек заңда психологтарды сертификаттау институтын кезең-кезеңімен енгізу қарастырылған. Бұл мамандардың белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растауға мүмкіндік береді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздегі 43 жоғары оқу орны психологтарды даярлайды. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 17 мыңға жуық студент білім алып жатыр, жыл сайын 4 мыңға жуық маман диплом алады.
Сонымен қатар Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. Тек өткен жылдың өзінде олар 50 мыңға жуық психологиялық кеңес берді.