Қазақстанда кинотеатрларға +18 фильмдерге балаларын ертіп келетін ата-аналар енді жазаланады
Ересектерге арналған фильмдерге баламен келуі заңға қайшы.
Елімізде ересектерге арналған фильмдерге кәмелетке толмаған баласын ертіп баратын ата-аналарға қатысты талап күшеймек. Заңгерлер жас санаты 18-ден жоғары киноға ұл-қызымен кіретін тұрғындарды кинотеатр әкімшілігі қатаң бақылауға алу керек болып отыр. Себебі бұл әрекет заңға қайшы. Алайда қазір аталған талапты елеп жатқан жан жоқ дейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Түнгі сеанстарға ұл-қыздармен кіретіндер жұрттың ашуын туғызды. Тұрғындардың бірі мазамыз қашады десе, енді бірі ересектерге арналған фильмдер баланың психикасын бұзады дейді.
“Баламен жүру дұрыс емес. Біріншіден, психикасын бұзады ересектер көретін кино. Екіншіден, ол жылап, берекемізді қашырады. Демалғандай болмайсың”, – деді талдықорғандық тұрғын Айгерім Бекәлі.
Мамандардың айтуынша, ересектерге арналған фильмдерге баламен келуі заңға қайшы. Елімізде "Кинематография туралы" заң барын ескертті. Егер киноның жас санаты 18-ден жоғары болса, бала ата-анасымен келген күннің өзінде де кіре алмайды. Мұны кинотеатр әкімшілігі қадағалау керек деп отыр.