Ақтөбелік мерзімді әскери қызметін кейінге қалдыруға көмектесемін деп 20 жастағы жігіттен 250 мың теңге алған
21 жастағы жігіт әскерге шақырылған азаматтан 250 мың теңге алып, алдап кеткен.
Ақтөбеде мерзімді әскери қызметін кейінге қалдыруға көмектесемін деп алдаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Полицияға өңірдің 20 жастағы тұрғыны жүгінген. Ол көктемгі әскерге шақыру науқаны аясында медициналық комиссиядан өтіп жүргенін айтқан.
«Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз ер адам 250 мың теңге көлемінде ақшаға әскери қызметін кейінге қалдыруды рәсімдеуге көмектесетінін уәде еткен. Оның сөзіне сенген жас жігіт сұраған ақшасын берген. Алайда ақшаны алғаннан кейін күдікті із-түзсіз жоғалып, уәдесін орындамаған», – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер 21 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Тергеу барысында оның алған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық құндылыққа айналатын қоғам құруға бағытталған негізгі саяси ұстаным.