Германияда ауқымды зейнетақы реформасы дайындалуда: зейнетке шығу жасы ұлғаюы мүмкін
Германияда жыл сайын кемінде 30 миллиард еуро көлемінде зейнетақы жарналарын аудару жоспарлануда.
Германия үкіметі 2026 жылдың соңына дейін ауқымды зейнетақы реформасын парламент арқылы қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің канцлері Фридрих Мерц мәлімдеді.
Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, билік зейнетке шығу жасын кезең-кезеңімен көтеруді, мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндіктерін шектеуді және зейнетақы жинақтарын қалыптастыру жүйесін өзгертуді көздеп отыр.
Негізгі бастамалардың бірі ретінде капитал нарығының мемлекеттік қорын құру ұсынылды. Бұл қорға жыл сайын кемінде 30 миллиард еуро көлемінде зейнетақы жарналарын аудару жоспарлануда.
Мерцтің айтуынша, реформа демографиялық өзгерістерге және халықтың өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты қолға алынуда.
«Егер адамдар ұзақ өмір сүріп, жасы ұлғайып жатса, олар да сәл ұзақ уақыт жұмыс істеуге дайын болуы керек», – деді канцлер.
Заң жобасы алдағы айларда парламент қарауына ұсынылады деп күтілуде. Құжат мақұлданған жағдайда, бұл өзгерістер Германиядағы соңғы жылдардағы ең ірі зейнетақы реформаларының біріне айналмақ.