Мемлекет басшысының атынан Астанада отандық бұқаралық ақпарат құралдарының үздік өкілдері марапатталды
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. Кәсіби мереке қарсаңында Астанада сала қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің ақпарат саласын дамытуға елеулі үлес қосқан журналистер, редакторлар, продюсерлер, тележүргізушілер, фототілшілер мен отандық журналистиканың ардагерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сала үздіктерінің бірқатарына наградаларды Мемлекет басшысы жеке өзі табыстады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің атынан бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті.
Сала өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысының сөзін мысалға келтірді.
«Бүгін Қазақстан Президенті бұқаралық ақпарат құралдарының ардагерлері мен жас журналистерге мемлекеттік наградаларды табыстады. Осы орайда Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен бір үзінді келтіргім келеді. Бұл сөздер бүкіл медиа саласының еңбегіне берілген жоғары баға деп білемін. «Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды.Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы. Шын мәнінде, кейінгі жылдары елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. Осы үдерісте бұқаралық ақпарат құралдарының атқарған рөлі айрықша болды. Мемлекеттік бастамалардың, бағдарламалар мен арнайы жобалардың табысты іске асуы көп жағдайда қоғамның қолдауына байланысты. Ал сіздер мемлекет пен қоғамды, билік пен халықты жалғаған алтын көпір ретінде аса маңызды миссияны атқарып келесіздер», – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Елімізде медиа саласын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы цифрлық платформалардың қызметін реттеуге және интернет-жарнама нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң қабылданды. Ал 2024 жылғы маусымда күшіне енген «Масс-медиа туралы» Заң саланы дамыту үшін заманауи құқықтық жағдай қалыптастырып, сөз бостандығының кепілдіктерін нығайтты.
Биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Жаңа Конституцияда сөз бостандығының, ақпарат алу құқығының және дербес деректерді қорғаудың кепілдіктері күшейтіліп, ашық әрі жауапты ақпараттық кеңістікті дамытуға берік негіз қаланды.
Бүгінде Қазақстанның медиа саласы елдегі маңызды қоғамдық институттардың біріне айналды. Республикада 5 303 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3 181 мерзімді баспасөз басылымы, 253 телеарна, 97 радиостанция, сондай-ақ 1 457 ақпарат агенттігі мен желілік басылым бар.
Кәсіби мерекеге орай сала қызметкерлері «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар медиа саласының өкіліне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Марапатталғандар тізімі:
Виктор Федюнин – «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің фототілшісі – «Құрмет» ордені.
Төреғали Тәшенов – журналистика ардагері – «Құрмет» ордені.
Тимур Касабеков – «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының арнайы жобалар тобының арт-директоры – «Құрмет» ордені.
Бекен Қайратұлы – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС аға тілшісі – «Құрмет» ордені.
Гуляим Төлешева – «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ жауапты хатшысы – «Құрмет» ордені.
Базарбек Түкібаев – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ оқытушысы – «Құрмет» ордені.
Сәуле Алдамұратқызы – «Abay TV» телеарнасының продюсер-редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Әлия Баймұхамедова – «Media Holding Atameken Business» ЖШС бас директорының орынбасары – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Тамара Вааль – «Vласть» интернет-журналының елордалық бюросының шеф-редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Советхан Жагиев – журналистика ардагері – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Айгүл Жүнісова – «ЭРА» телекомпаниясы» ЖШС директорының орынбасары – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Оңалтай Қуандық – «7 арна» телеарнасының шеф-редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Анар Омарова – «7 арна» телеарнасының шығарушы редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Виталий Попов – «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы ақпарат қызметінің бас редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Анар Каринтаева – «Media Holding Atameken Business» ЖШС шеф-редакторы – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Жомарт Оспан – «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» ЖШС бөлім меңгерушісі – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Серғали Балажан – журналист – «Шапағат» медалі.
Алексей Буренков – «7 арна» телеарнасының шығарушы редакторы – «Шапағат» медалі.
Динара Қарбаева – «7 арна» телеарнасының шығарушы режиссері – «Шапағат» медалі.
Ибрагим Орынбеков – «Хабар» агенттігі» АҚ өңірлік тілшілер желісінің редакторы – «Шапағат» медалі.
Әлия Шермағамбетова – «24KZ» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі – «Шапағат» медалі.
Ғабидолла Мүсіреп – «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы.
Марал Байғара – «24KZ» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің авторы әрі жүргізушісі – «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі.
Илья Рыбин – «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры арнайы жобалар департаментінің директоры – «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі.
Гүлайым Мұхамбетжанова – «Талдау және ақпарат орталығы» РМК директорының орынбасары – «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі.
Сергей Стебневский – «7 арна» телеарнасы бас директорының орынбасары – «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі.