"40 градусқа дейін қатты ыстық": синоптиктер алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жасады
Еліміздің басым бөлігінде құбылмалы ауа райы болады.
"Қазгидромет" синоптиктері 27–29 маусым аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Болжамға сәйкес, алдағы демалыс күндері белсенді циклон мен атмосфералық фронтал бөліктердің өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде құбылмалы ауа райы күтіледі. Жаңбыр жауып, күн күркірейді, жел күшейіп, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Елдің батысында, солтүстік-батысында және солтүстігінде нөсер жаңбыр болады деп болжанған.
Күндіз ауа температурасы батыста және солтүстік-батыста 18–26 градус жылыға дейін төмендейді, оңтүстікте аптаптың беті қайтып, 28–38 градус жылы, ал солтүстікте 22–30 градус жылы болады деп күтіледі.
Сонымен қатар, Қазақстанның шығысында, солтүстік-шығысында, оңтүстік-шығысында және орталық аймақтарында аптап сақталады. Күндіз ауа 33–38 градусқа дейін ысиды, ал кейбір аудандарда 40 градусқа дейін қатты ыстық болады.