Саясат

«Әділет» партиясында ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен Іскерлік кеңес құрылды

«Әділет» Партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай Іскерлік кеңес құрылғанын көлік-логистика саласының өкілдерімен өткен кездесуде мәлімдеді. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, ірі компаниялар мен салалық бірлестіктердің басшылары қатысты.

Кездесуде Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық өсімінің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындаған көлік-логистика саласын дамыту мәселелері қаралды.

Айбек Дәдебайдың айтуынша, қуатты бизнес пен мемлекет, кәсіпкерлер және сарапшылар қоғамдастығы ұдайы өзара ықпалдасып отырмайынша, экономика тұрақты дамымайды. Сондықтан «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі диалог құруға және ортақ шешімдер әзірлеуге арналған тұрақты алаңға айналады.

«Қазақстан Автокөлікшілер Одағы» ЗТБ атқарушы директоры Мұрат Амрин көлік саласы партиямен тұрақты диалог орнатуға жəне заңнамалық бастамаларды бірлесіп əзірлеуге мүдделі екенін атап өтті.

«Көлік бизнесі «Əділет» партиясының бағытын қолдайды, себебі ол əділдік, ашық диалог жəне бүгінде еліміздің түкпіртүкпіріндегі кəсіпкерлерді толғандырған мəселелерді іс жүзінде шешу қағидаттарына негізделіп отыр. Дəл осындай тəсіл экономиканың белсенді қатысушыларын партия төңірегіне топтастыруға жəне салаларды дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Мұрат Амрин.

Кездесуге қатысушылар теміржол тарифтерін қалыптастыру, инвестиция тарту, халықаралық автомобиль тасымалдарын, жүк авиациясын дамыту жəне саланы одан əрі цифрландыру мəселелерін талқылады. Мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастық моделіне ерекше назар аударылды.

«Солай бола тұра, бизнес дегеніміз тек кəсіпорындар ғана емес, ең алдымен сол кəсіпорындарда еңбек ететін адамдар. Сондықтан біз үшін еңбек ұжымдары, мамандар мен инженерлік кадрлар тап болатын мəселелерді көру маңызды. Міндеттер түсінікті болуы керек: мемлекет базалық инфрақұрылымды дамытып, ереже белгілейді, ал бизнес инвестиция салады, қызмет көрсетеді жəне жүк ағыны үшін бəсекеге түседі», - деп түйіндеді партия төрағасы.

Іскерлік кеңес тұрақты жұмыс істеуі үшін экономиканың əртүрлі саласын қамтитын жеті тең төраға айқындалды. Олардың қатарына Qarmet жəне Allur Group жетекшісі Андрей Лаврентьев, «Қазақтелеком» АҚ көлікбасқарма төрағасы Бағдат Мусин, кəсіпкер Геннадий Зенченко, Қазақстан инвесторлар одағының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов, Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Айжан Балакешова, Қазақстанның жеңіл өнеркəсіп кəсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Инна Апенко, сондай-ақ ERG менеджерлер кеңесінің мүшесі жəне Integra Construction KZ бақылау кеңесінің төрағасы Шахмұрат Мүтəліп енді.

Кездесу қорытындысы бойынша Айбек Дəдебай Іскерлік кеңес тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналатынын атап өтті. Онда кəсіпкерлікті, экономиканың түрлі саласын дамыту жəне мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықты жетілдіру жөніндегі бастамалар əзірленеді.