Қоғам

Алматыда қаланың Бас жоспарына қатысты экологиялық тыңдаулар өтеді

Алматыда 30 маусым күні қаланы дамытудың жаңа Бас жоспарына стратегиялық экологиялық бағалау бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді.

 Мегаполистің басты қала құрылысы құжаты алғаш рет кешенді экологиялық талдаудан өтті. Бұл оның қоршаған ортаға және қала тұрғындарының өмір сапасына ықпалын бағалауға мүмкіндік береді.

Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасында тыңдауларда тек экологиялық мәселелер қаралатынын ерекше атап өтті. Стратегиялық экологиялық бағалау — қаланы дамыту мен басқарушылық шешімдер қабылдау кезеңінде экологиялық факторларды ескеруге мүмкіндік беретін маңызды құрал.

Стратегиялық экологиялық бағалау нәтижелеріне сәйкес, Алматының одан әрі дамуы жаңа Бас жоспарда көзделген табиғатты қорғау шараларын жүйелі түрде іске асырған жағдайда мүмкін болады.

Негізгі бағыттардың бірі — экологияға бағдарланған даму сценарийі. Ол қаланың полицентрлік құрылымын қалыптастыруды көздейді. Яғни жұмыс орындары, әлеуметтік инфрақұрылым, қоғамдық кеңістіктер мен көлік желісі бірнеше белсенді орталыққа бөлінеді. Бұл тарихи орталыққа түсетін жүктемені азайтып, көлік ағынын қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар табиғи аумақтарды қорғау бойынша қосымша шаралар қарастырылған. Жаңа Бас жоспарда Әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай орналасқан тау бөктерінде күрделі құрылыс жүргізуге толық тыйым салу бекітіледі. Сондай-ақ Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында қатаң қорғау режимі сақталады. Онда тұрғын үй және коммерциялық құрылыс салуға тыйым салынады.

Тағы бір маңызды бағыт — экологиялық мониторингті күшейту. Қаладағы ауа сапасын бақылау желісін 50-ден астам стационарлық бекетке дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Құжат әзірлеушілердің пікірінше, тұрақты экологиялық мониторингке көшу және деректердің ашықтығын қамтамасыз ету Алматының жаңа экологиялық саясатының маңызды бөлігіне айналады. Бұл қала дамуына қатысты қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.