Еуропарламент Қазақстанның саяси реформалар жолындағы ілгерілеуін атап өтті
Еуропалық парламентте «Жаңа Қазақстан: Конституциялық референдум қорытындылары және демократиялық жаңғыру жолы» атты пікірталас өтті. Жиын барысында қатысушылар Қазақстандағы саяси реформаларды және Еуропалық одақпен одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Еуропалық парламент депутаты Томаш Здеховски Қазақстанның Орталық Азиядағы ЕО-ның негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл әріптестік тек экономикалық емес, стратегиялық және саяси тұрғыдан да маңызды.
«Қазақстан Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің біріне айналды. Бұл экономикалық, стратегиялық және барған сайын саяси тұрғыдан да байқалады. Алайда шын мәніндегі маңызды әріптестік тек экономикалық мүдделерге ғана құрылмайды. Қазақстан конституциялық реформалар мен саяси жаңғыру үдерісін жалғастырып жатқан кезде демократиялық басқару, заң үстемдігі, ашықтық және азаматтардың қатысуы мәселелері бойынша ашық әрі сындарлы диалогты сақтау аса маңызды», – деді Томаш Здеховски.
Еуродепутаттың сөзінше, Еуропарламенттегі талқылау Қазақстанның реформаларды жүзеге асыруда айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізгенін көрсетті. Дегенмен алда шешімін табуы тиіс бірқатар міндеттер бар. Ол ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту екі негізгі бағытқа сүйенуі керегін айтты. Олар – экономикалық ынтымақтастықты нығайту және ортақ құндылықтарға негізделген өзара іс-қимылды ілгерілету.
Здеховски пікірталасқа қатысушыларға мазмұнды ой алмасқаны үшін алғыс айтып, Еуропалық одақтың Қазақстанмен әріптестікті тереңдетуге, сондай-ақ тұрақтылық, өркендеу және демократиялық жаңғыру мәселелері бойынша ашық диалогты қолдауға дайын екенін растады.
Іс-шара барысында айтылған деректерге сәйкес, 2024 жылы Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы сауда көлемі шамамен 45 млрд еуроға жеткен. Ал еуропалық инвестициялар көлемі 54 млрд еуродан асқан.