Қоғам

Қазақстан медиасы: жаңғыру мен жаһандық даму жолында

Соңғы жылдары Қазақстанның масс-медиа саласы ақпараттық кеңістіктің цифрлық трансформациясына қатысты жаһандық үрдістерді де, ұлттық медиажүйені нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты да көрсететін жүйелі институционалдық жаңғырудан өтіп келеді.

Саланың дамуы нормативтік-құқықтық базаны жетілдірумен, халықаралық ақпараттық қатысуды кеңейтумен, цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртумен, журналистік қауымдастықты қолдаумен және отандық медиаконтенттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасаумен қатар жүріп жатыр.

Дамудың негізгі бағыттарының бірі – қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының халықаралық деңгейдегі қатысуын күшейту. Ұлттық телерадиокомпаниялар шетелдегі тілшілер қосындарының желісін кезең-кезеңімен кеңейтіп, халықаралық күн тәртібін жедел жариялауға және Қазақстан туралы объективті ақпаратты шетелде ілгерілетуге мүмкіндік беріп отыр.

Мәселен, Qazaqstan телеарнасының елдің барлық өңірінде 20 меншікті тілшісі бар, сондай-ақ АҚШ, Бельгия, Ұлыбритания, Түркия және Ресейде шетелдік өкілдіктері жұмыс істейді. «24KZ» ақпараттық телеарнасы да қызмет географиясын едәуір кеңейтіп, Еуропа, Азия, Солтүстік Америка және Таяу Шығыс елдерін қоса алғанда, әлемнің тоғыз елінде меншікті тілшілер желісі арқылы тұрақты жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар Малайзия, Грузия және Қырғызстандағы штаттан тыс тілшілермен өзара іс-қимыл жасайды.

Отандық телеарналардың халықаралық хабар тарату ауқымы да кеңейіп келеді. Jibek Joly телеарнасының халықаралық нұсқасы спутниктік, кабельдік және цифрлық платформалар арқылы 100-ден астам елде қолжетімді. Ал «24KZ» телеарнасы Қазақстанмен қатар Қырғызстан мен Ресей Федерациясының аумағында да ресми түрде хабар таратады.

Қазақстандық медианарықтың жаһандық ақпараттық кеңістікке кірігуіне Астанада Euronews халықаралық телеарнасының өңірлік офисінің ашылуы қосымша серпін берді. Осы ынтымақтастық аясында алғаш рет отандық журналистердің біліктілігін арттыруға бағытталған Euronews Academy білім беру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама халықаралық сарапшылардың қатысуымен арнайы тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізуді көздейді.

Саланы дамытудың маңызды кезеңдерінің бірі заңнаманы кешенді жаңғырту болды. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңы және жаңа «Масс-медиа туралы» заңы қабылданып, ақпараттық саланың жұмыс істеуіне заманауи құқықтық негіз қалыптастырды.

Заңнамалық өзгерістер цифрлық платформалардың даму ерекшеліктерін ескеріп, медианарықты реттеу тетіктерін жетілдіреді және сөз бостандығы мен ақпараттық кеңістік қатысушыларының жауапкершілігі қағидаттарын сақтай отырып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосымша жағдай жасайды. Баспа басылымдарын мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы ретінде жаңа Салық кодексінде отандық газет-журналдар үшін қосылған құн салығының төмендетілген 10 пайыздық мөлшерлемесі енгізілді. Бұл шара саланың цифрлық трансформациясы жағдайында олардың қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Медиа саласының дамуы сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларымен де қатар жүріп жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы үш жылда отандық бұқаралық ақпарат құралдарының 200 өкілі Астанада баспанамен қамтамасыз етілді. Бұл бағдарлама жалғасуда: 2026 жылы еліміздің түрлі өңірлерінде ақпарат саласының тағы 66 қызметкері пәтер алады. Сонымен қатар журналистік қауымдастықтың кәсіби еңбегін мойындау мәселесіне де көңіл бөлініп келеді. «Парламент сөзі» парламенттік сыйлығының он жылдық тарихында ұлттық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан 150-ден астам отандық БАҚ өкілі оның лауреаты атанды.

Қазақстанның қазіргі медиажүйесі ауқымдылығымен және институционалдық дамудың жоғары деңгейімен сипатталады. Бүгінде елімізде 5303 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3181 мерзімді баспа басылымы, 253 телеарна, 97 радиостанция, сондай-ақ 1457 ақпарат агенттігі мен желілік басылым бар. Сонымен қатар екітілді ақпараттық кеңістік те дамып келеді: қазақ және орыс тілдерінде қатар жұмыс істейтін бұқаралық ақпарат құралдарының саны 1600-ден асты. Бұл халықтың түрлі санаттары үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Қазіргі медиакеңістікті дамытудың ажырамас шарты – цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру. Бүгінгі таңда цифрлық эфирлік телерадио хабар тарату халықтың 95 пайыздан астамын қамтиды. Интернеттің таралу деңгейі бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жетекші орындардың бірін иеленеді. Ел халқының 93,4 пайызы интернетке қол жеткізе алады, бұл өңірлік орташа көрсеткіштен едәуір жоғары. Бұл нәтижелер цифрлық медианы одан әрі дамытуға, онлайн-хабар таратуды кеңейтуге және отандық ақпараттық контенттің қолжетімділігін арттыруға қолайлы жағдай жасайды.

Ұлттық медиакеңістікті қоғамдық қабылдау саласында да оң динамика байқалады. 2025 жылы «Әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қоры жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, 18 бен 65 жас аралығындағы тұрғындар арасында отандық ақпараттық өнімге сұраныс деңгейі 70,2 пайыздан асты. Сонымен қатар ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім деңгейі де жоғары. Тиісті ақпарат көздерін пайдаланушылар арасында республикалық телеарналарға сенім деңгейі 89 пайызға, ал отандық интернет-ресурстарға сенім деңгейі 87 пайызға жеткен. Бұл деректер ұлттық медиакеңістіктің позициясы нығайып, өндірілетін ақпараттық контент сапасының артып келе жатқанын көрсетеді.

Әлеуметтік зерттеулер азаматтардың мемлекеттік саясаттың жариялану сапасына қанағаттану деңгейі де жеткілікті жоғары екенін көрсетеді. Ең жоғары көрсеткіштер білім беру саласында – 82 пайыз, көлік инфрақұрылымында – 77 пайыз, ауыл шаруашылығында – 73 пайыз, экономикада – 73 пайыз, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында – 71 пайыз деңгейінде тіркелген. Бұл нәтижелер халықты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ақпараттандыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі артып келе жатқанын көрсетеді.

Цифрлық платформалардың қарқынды дамуына қарамастан, телевидение халықтың медиатұтыну құрылымында маңызды орын сақтап отыр. «ӘСЗО» қоғамдық қорының дерегінше, 2025 жылы ең танымал отандық телеарна КТК болып қала берді, оның аудиториясы респонденттердің 45 пайызын құрайды. Ең сұранысқа ие арналардың қатарында «Первый канал Евразия» — 42 пайыз және «Хабар» — 39 пайыз бар. K Research компаниясының зерттеуі бойынша рейтинг, үлес және аудитория саны бойынша көшбасшы он телеарнаның қатарына «Первый канал Евразия», КТК, Qazaqstan, Astana TV, «31 арна», «Седьмой канал», НТК, «Мир», Jibek Joly және Qazsport кірді.

Телевизиялық нарықтың ұқсас құрылымын Ұлттық медиа қауымдастығының деректері де растайды. Оған сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша телевизиялық рейтинг пен аудитория үлесі бойынша жетекші орындарды «Первый канал Евразия» — 0,77 пайыз және 17,3 пайыз, КТК — 0,54 пайыз және 12,23 пайыз, «Седьмой канал» — 0,47 пайыз және 10,59 пайыз, «Мир» — 0,37 пайыз және 8,35 пайыз, «31 арна» — 0,35 пайыз және 8 пайыз, Qazaqstan — 0,35 пайыз және 7,98 пайыз, Astana TV — 0,35 пайыз және 7,79 пайыз, НТК — 0,35 пайыз және 7,78 пайыз, Balapan — 0,15 пайыз және 3,38 пайыз, Qazsport — 0,12 пайыз және 2,77 пайыз иеленді.

Бұл көрермендердің ұлттық телевизиялық контентке деген тұрақты қызығушылығы сақталып отырғанын және цифрлық платформалар тарапынан бәсекелестік күшейген жағдайда да отандық телехабар таратудың орны берік екенін көрсетеді.

Осылайша, Қазақстандағы масс-медиа саласының дамуы саланың институционалдық, технологиялық және құқықтық негізін жүйелі жаңғыртумен сипатталады. Іске асырылып жатқан кешенді шаралар ұлттық ақпараттық кеңістікті нығайтуға, отандық БАҚ-тың халықаралық қатысуын кеңейтуге, журналистік қауымдастықтың кәсіби әлеуетін арттыруға және қоғамның ұлттық ақпарат көздеріне деген сенімін күшейтуге ықпал етеді. Осы факторлардың жиынтығы жаһандық цифрлық трансформация жағдайында қазақстандық медиажүйенің одан әрі тұрақты дамуына алғышарт қалыптастырады.