Қоғам

"Ер азаматтың материалдық мүмкіндігіне қарай беріледі": ҚМБД мәһрдің мөлшерін атады

Мәһр – ер адамның неке қиылу барысында қалыңдыққа өз ризашылығымен беретін шариғи сыйы.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы неке шарттарының талаптары мен шарттары туралы айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Басқарма мәліметінше, екі жақтың разылығы болмаса неке заңсыз әрі дұрыс болып есептелмейді. Сонымен қатар некеге отырғанда берілетін мәһрге қатысты түсінік берілді.

“Мәһр – ер адамның неке қиылу барысында қалыңдыққа өз ризашылығымен беретін шариғи сыйы. Ханафи мәзһабында мәһрдің ең төменгі шегі 10 дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Бұл қазіргі өлшеммен 4,25 грамм алтын немесе соған тең келетін ақшалай қаражатқа (нарықтағы құнына) сәйкес келеді. Мәһрдің мөлшерін ер азаматтың материалдық мүмкіндігіне қарап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып айтқан жөн. Өйткені мәһр күйеу жігітті қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін қалдыратындай аз болмауы керек”, – деп мәлімдеді ҚМДБ.