Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Үш мың қазақстандық бір айға әскерге шақырылады: бұл кімдерге қатысты

Үш мың қазақстандық бір айға әскерге шақырылады: бұл кімдерге қатысты
Сурет: kaztag.kz
Әскерге азаматтар шақыру қағазы арқылы шақырылады.

Қорғаныс министрінің бұйрығымен биыл жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы 3000 әскери міндетті тартылады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жоспарлы оқу-жаттығу жиындары резервтегілердің дайындық деңгейін қолдау және жетілдіру, практикалық дағдыларын жаңарту, қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерін меңгеру, сондай-ақ Қарулы күштердің жұмылдыру дайындығын нығайту үшін ұйымдастырылады.

Қатысушыларды іріктеуді жергілікті әскери басқару органдары армияның нақты әскери-есептік мамандықтар бойынша мамандарға деген қажеттілігін ескере отырып жүргізеді. Бұл ретте дайындық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңнамада белгіленген басқа да критерийлер назарға алынады.

Азаматтар шақыру қағазы арқылы шақырылады. Оны алған адамдар көрсетілген жерге және белгіленген мерзімде келуге міндетті. Келуден жалтарғаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл (2025 жылы 21 625 теңге) түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Заңнамада жиындарға шақырылмайтын азаматтар санаттарының тізбесі анықталған.

"Олардың қатарында оқу жылы кезеңіндегі педагогтер, күндізгі бөлімде оқитындар, үш және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар ата-аналар, сондай-ақ "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңда қарастырылған басқа да санаттар бар", - деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Дайындық ұзақтығы бір айға дейінгі уақытқа созылады. Осы кезеңде қатысушылар тамақ, заттай мүлік және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жиын өткізілетін жерге дейін жеткізу және кері қайтару Қорғаныс министрлігінің есебінен ұйымдастырылады.

Сонымен қатар мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.

"Азаматтардың жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады. Жұмыс істейтіндерге заңнамада белгіленген тәртіппен орташа жалақысы, ал жұмыс істемейтіндерге бюджет есебінен ең төменгі жалақы төленеді. Жиындарда болған кезең жалпы еңбек өтіліне есептеледі", - деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігіндегілер.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар