Еліміздің тарихындағы Сенаттың соңғы отырысы өтті
Конституция негізінде құрылған екі палаталы Парламент өзінің тарихи миссиясын аяқтайды.
ҚР Парламенті Сенатының соңғы отырысы өтті. Ертең палаталардың бірлескен отырысында кезекті сессия ресми түрде жабылады. Ал 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне еніп, Парламенттің өкілеті тоқтатылады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жиында депутаттар бірқатар заңды мақұлдап, жоғарғы палатаның 30 жылдық жұмысына қорытынды жасады.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ертең Парламент палаталарының бірлескен отырысында кезекті сессия ресми түрде жабылады. Осылайша, 1995 жылғы Конституция негізінде құрылған екі палаталы Парламент өзінің тарихи миссиясын аяқтап отыр.
"Құрметті әріптестер, бізді дамудың жаңа кезеңі күтіп тұр. Алда ауқымды әрі күрделі міндеттер бар. Парламент Сенатының 30 жылдық тәжірибесін қамтитын және жұмысын жаңа форматта бастайтын Құрылтайға алдағы қызметінде табыс тілейміз", – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат 30 жыл ішінде жалпы саны 890 пленарлық отырыс өткізіп, онда 3 500-ден астам заң қабылданған.
Сенат төрағасы сөз соңында елдің дамуы мен тәуелсіздіктің мәңгі болуын тілеп, барша азаматты Қазақстанның игілігі үшін бірлесе еңбек етуге шақырды.